Семейде екі күнде 21 тұрғыннан рак ауруы анықталды
Семейдегі Ядролық медицина және онкология орталығының онкологтары екі күннің ішінде 21 адамнан обыр дертін анықтады. Тағы 54 адамның диагнозы расталу үстінде, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Семейде 8-9 ақпан күндері өңірлік Онкологиялық диспансерде Ашық есік күні өтті. Бүкіләлемдік обырға қарсы күрес күні шеңберіндегі шара биыл «Біздің қолымыздан келеді! Менің де қолымнан келеді!» атты ұранмен ұйымдастырылды. Мақсат - онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте кезеңде анықтау. Шара аясында азаматтар тегін медициналық тексеруден өтті. Жалпы Ашық есік күніне 300-ге жуық тұрғын келіп, тексерілген. Нәтижесінде онколог дәрігерлер 21 адамнан рак ауруын анықтады. Тағы 54-інде дерттің белгілері табылған. 242 тұрғынан басқа ауру түрлері анықталған. Мамандардың айтуынша, обыр 50-ден асқан адамдар арасында жиі кездеседі. Бұған себеп, адамдардың дәрігерге соңғы кезеңде ғана жүгінуі. Семей аймағы бойынша, жыл сайын науқастардың 20 пайызы аурудың кеш сатысында дәрігерлердің көмегіне жүгініп жатады. «Негізі, Ашық есік күнінің пайдасы көп. Ең бастысы, обыр дертін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Тұрғындардың уақытылы скринингтік бағдарламалардан өтуі, ашық есік күндерінде мамандардың тексеруінен өтуі, өзі тіркелген емханада тексеріліп тұруы абзал. Әр адам денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сол кезде қауіпті дертті ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік бар. Ал, бұл, ауруды алдын алуға, емдеу нәтижесінің жоғары болуына ықпал етеді», - деді Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығы директорының орынбасары Нұргүл Жұмықбаева.