Түркістан облысында украиналық маман 5 науқасқа ота жасады
Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының офтальмология бөлімшесінде украиналық білікті көз дәрігері Оксана Петренконың қатысуымен 5 науқасқа ота жасалды. Олардың бірі – 45 жастағы Леңгір қаласының тұрғыны Жақыпжан Жұманов. Дәнекерлеу кезінде көзін күйік шалған азаматқа жергілікті дәрігерлер қарашығын сақтап қалу үшін көзін қабақ етімен жауып берген. Енді кірпігі қабақ сыртына емес ішке қарай өсуде. Бұл өте қауіпті. Шетелдік профессор өңірге жасаған сапары барысында Жақыпжанға операция жасап, қабағын көтеріп берді.
Қырықтың қырқасына шыққан екінші пациент отаны эстетикалық тұрғыдан жасатты. Блефаропалатикаға жүгінген әйел осылайша қабағын көтеріп, көзін үлкейтті.
Офтальмопластика – бұл көз мүшесінің және оның қосалқы аппаратының анатомиялық және функционалды кемістігін қайта орнына келтіруге бағытталған пластикалық хирургияның бір бөлімі болып табылады. Пластикалық ота көп жағдайда қабаққа, конъюнктива қуысына және орбитаға жасалады. Мамандардың айтуынша мұндай операцияларға қажеттілік көбеюде, ал дефектілерді түзеу үлкен офтальмохирургиялық тәжірибені, арнайы құрал-жабдықтарды, тігіс материалдарды және михрохирургиялық жаңа әдісті қолдануды талап етеді.
– Мұндай оталар тек әдемілік үшін ғана жасалмайды, сондай-ақ түрлі жарақат алған науқастрадың көз ақауын түзету және емдеу үшін жасалады. Бүгінде көздің түрлі ақауларын түзетуге медицинаның қауқары жеткілікті. Жыл сайын заманауи әдістер де енгізіліп жатыр. Мәселен Украинада компьютердің көмегімен көзге имплант салу әдісі қолданылуда. Осы секілді замануи тәсілдерді өзге әріптестерімізге үйретуіміз керек. Түркістан облысына келгендегі мақсатым да осы. Себебі тәжірибе алмасу медицинаны жетілдірудің бірден-бір жолы, – дейді профессор Оксана Петренко.
Жергілікті дәрігерлерге екі күн бойы офтальмопластика тақырыбында лекция оқыған дәрігер офтальмологиялық бөлімшенің техникалық базасын да, жергілікті дәрігерлердің біліктілігін де жоғары бағалады.
Айта кетейік, Оксана Петренко – жоғары білікті санатты офтальмолог-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, А.А.Богомольц атындағы Ұлттық медицина университетінің офтальмология кафедрасының доценті, Украинаның офтальмолог-нейроофтальмологтары мен глаукоматологтары қауымдастығының Киев бөлімшесінің төрайымы. Глаукоманы лазерлік емдеудің қазіргі заманғы әдістерін, көздің жас ағзаларының жарақаттары кезінде жоғары технологиялық операциялық араласуларды, көздің қосалқы аппаратында қалпына келтіру операцияларын меңгерген.
Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының офтальмологиялық бөлімінің №1 микрохирургия бөлімшесі меңгерушісі Азамат Нұрмановтың айтуынша мұнда жыл сайын 2500-ге жуық ота жасалады. Алдағы уақытта жаңа қондырғылар сатып алып, жергілікті дәрігерлерді алыс-жақын шет мемлекеттерге тәжірибе алмасуға жоспарлануда екен.
А.Асанқызы