Шардарада Ситуациялық орталық ашылды
Бұдан былай, Түркістан облысының медицина саласындағы барлық жағдай алақандағыдай көрініп тұратын болады. Күні кеше Шардара ауданында республика бойынша баламасы жоқ бірыңғай Ситуациялық орталық іске қосылды.
Орталықтың дәрігерлерге беретін пайдасы – өзінің аймағында болып жатқан барлық сыни және шұғыл көмекті талап ететін жағдайларды кабинетінде отырып-ақ компьютердегі бағдарлама арқылы қадағалау жасай алады. Шұғыл көмек керек болған жағдайда тез арада бригадалық топтарды жіберіп, сол жердегі медициналық қызметтің сапасын көтеруге атсалысады.
2018 жылы Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың бұйрығымен, емханалық және стационарлық медициналық көмектің сапасы мен ашықтығын жақсарту мақсатында Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы бойынша «Бастапқы медициналық-санитариялық көмек бойынша Ситуациялық орталық жұмысын бастаған болатын. Бүгінде, орталықтың тиімді екеніне көз жеткізген мамандар ауқымын кеңейтіп, Шардара ауданында тағы бір Ситуациялық орталықтың ресми тұсаукесерін ашты. Орталықты «Шардара аудандық орталық ауруханасының» бас дәрігері, Түркістан облысы бойынша БМСК ахуалдық орталығының үйлестірушісі Жанар Оспанова басқарады.
Орталықтың негіз қызметі – Түркістан облыстық медициналық қызметінің сапасын көтеру мақсатында аналитикалық бағытты жүргізу, халыққа шынайы, таза медициналық көмек көрсету. Бастапқы медициналық көмек көрсету мекемелерімен және ауруханалық медициналық көмек көрсету мекемелерінің арасында интеграция жасалды. Науқастарға дер кезінде көрсетілген тиісті медициналық көмектің бағасын, сапасын шығару арқылы, бүкіл Түркістан облысы бойынша медициналық қызмет көрсететін мекемелердің жұмыс сапасын қадағалап отырады.
– Мысалы, осы Ситуациялық орталық арқылы Түркістан облысының қай Бастапқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі – БМСК көрсететін мекемесінде кезекті көп күттіріп жатқан жағдайлар туындап жатыр немесе науқастардың арасында түсінбеушілік туындаса, тегін кепілдік көлемі шеңберінде беріліп жатқан көмектің сапасы нашар деңгейде берілді ме, травматологиялық қызметтер, дене жарақаты, басқа да бақытсыздық жағдайлардан болған жарақат асқынулары өз дәрежесінде жасалмай жатыр ма, бақылап отырамыз.
Жалпылама айтқанда, Түркістан облысы бойынша барлық медициналық қызметтің бағасын беріп, әр мекеменің рейтингтік көрсеткішін аптасына бір рет шығарып отырамыз. Соған сәйкес, басқарма басшысының қатысуымен қай ауданда медициналық қызмет бойынша өзекті мәселелер бар талқылаймыз. Сондай-ақ, ол жерде біз медициналық қызмет көрсету жағдайы бойынша ма, жоқ әлде құрал-жабдықтардың тозуының әсерінен бе, мамандардың біліктілігінің аздығынан болып жатыр ма, осының бәрін түбегейлі шешуге кірісеміз. Егер мамандар тарапынан кемшіліктер болып жатса жан-жақтан ғылыми зерттеу инстиуттарына шығып, тиісті профессор мамандарды шақырып, жергілікті жауапты координаторлар тағайындап, осы Ситуациялық орталықтың арқасында қызмет сапасын арттырамыз, – деді Жанар Қасымбекқызы.
Орталықтың ашылуына 20 медициналық ұйымнан 40-тан астам қызметкер қатысты. Семинарда облыстық рейтингтің онлайн талдау модулін қосу, сондай-ақ БМСК және стационар қызметтерінің дамуы мониторингі көрсетілді. Басты медициналық ақпараттық жүйенің экранында 8 модуль бар: емхана, стационар, зертхана, қаржы, құжаттар, ресурстар, пайдаланушылар, дәріхана және ситуациялық орталық. КӨМЕК медициналық ақпараттық жүйесі бағдарламасымен ЖСЖС (жедел медициналық жәрдем станциясы) интеграция жүргізілді.
– Біз Кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен (КМАЖ) жұмыс істейміз. Бұл жүйе әрбір медициналық мекеме жұмысының барлық аспектілерін қадағалауға мүмкіндік береді. Біз қандай да бір маманға қабылдаудың орташа уақытын, көмек сұрап келгендердің санын, олардың диагноздарын, үйге шақыруларды орындау уақытын, Патронажды және т.б. тұстарын толық көріп отырмыз. Айталық, онлайн режимде Төлеби ауданында бір күнде қанша науқастың дене қызуы көтеріліп түскенін көріп отыра аламыз. Осы арқылы емханалар мен ауруханалардағы жүктемені біліп және медициналық қызметкерлердің жұмысын толық бақылаймыз. Бір сөзбен айтқанда, барлық жағдай алақандағыдай көрініп тұрады, – деді ахуалдық орталықтың үйлестірушісі Жанар Оспанова.
Айтуынша, бірыңғай ахуалдық орталық арқылы дәріханалардағы дәрі-дәрмек қоры мен басқа да ресурстарды қадағалап отыруға болады. Алдағы уақытта дәл осындай орталықтар Түркістан облысына қарасты барлық медициналық мекемелер мен Шымкент қаласындағы Облыстық клиникалық ауруханасында да ашылады.
Тағы бір жақсы жаңалық, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен, жылжымалы шұғыл көмек көрсететін консультативтік кеңестік бригадалар ұйымдастырылып жатыр. Олар әр аудандағы шалғай елді мекендерге барып, қатерлі ісік, жүрек қантамырлары т.б. ауыратын науқастарды ерте бастан анықтап, халықтың ұзақ өмір сүруіне үлкен әсерін тигізбек. Жылжымалы көліктің ішінде тиісті құрал-жабдықтар мен онколог, кардиолог, эндокринолог т.б. мамандар халыққа қызмет көрсетеді.