Паркинсонге шалдыққан 300-ден аса пациентке ота жасалды
Қазақстанда Ұлттық нейрохирургия орталығында Паркинсон сырқатына шалдыққан 300-ден аса пациентке сәтті операция жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бастамасымен жыл сайын 11 сәуірде Паркинсон ауруымен дүниежүзілік күрес күні аталып өтіледі. Осы атаулы күн аясында «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ 2019 жылғы 10-11 сәуір аралығында Паркинсонмен ауыратын және қимыл-қозғалысы бұзылған пациенттерге неврологтар тегін консультация өткізеді. Келушілерді қимыл-қозғалысы бұзылған науқастарды, Паркинсон ауруын және басқа да дегенеративті дертті диагностикалап, емдейтін мамандар қабылдайды», делінген хабарламада.
Статистикаға сүйенсек, бүгінде Қазақстанда Паркинсон ауруынан зардап шегетіндер саны 20 мыңнан асады, қазіргі таңда бұл науқастардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жоғарылатуға мүмкіндік берілген. «2013 жылдан бастап «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ аталған патологияны емдеудің нейрохирургиялық әдістерін – миды терең нейростимуляциялау және паллидотомия мен таламотомия сияқты аблятивтік араласулар жүргізу әдісін енгізді және сәтті қолдануда.
Бүгінге дейін Ұлттық нейрохирургия орталығында Паркинсон ауруы бойынша шамамен 300-ден аса хирургиялық операция сәтті жасалды», делінген хабарламада.
Аталған жоғары технологиялық операциялар Қазақстанда тегін мемлекет қаражаты есебінен жүргізіледі. 2014 жылы Ұлттық нейрохирургия орталығында пациент Бақытгүл Таукенқызының миын терең стимуляциялау бойынша операция жасалды. Осымен бесінші жыл осы әйел көлемі ұялы телефон сияқты кішкентай құрылғымен өмір сүріп келеді, аталған құрылғы пациенттің өзін қалай сезінуіне байланысты бір бағдарламадан екінші бағдарламаға ауыстыруға мүмкіндік береді.
Әйелдің айтуы бойынша құрылғы оның өмір сүру сапасын жақсартқан және оның қимыл-қозғалысының үйлесімін бақылап отыруға, өзгенің көмегінсіз өздігінен жүріп-тұруға мүмкіндік береді.
Бүгін осы әйел Ұлттық нейрохирургия орталығына аталған құрылғының батереясын ауыстыруға келді.