Тарақанның уын жеп қойған 1,5 жасар бүлдіршін аман қалды

Screenshot_1.jpg

Тарақанның уын жеп уланған бір жарым жастағы қызды жедел медициналық жәрдем дәрігерлері Ленгір ауруханасына жеткізген. 

Түркістан облысы Ленгір қаласының орталық ауруханасына түскен кішкентай науқасқа дер кезінде шұғыл көмек көрсеткен дәрігерлердің арқасында қазір оның өміріне қауіп жоқ. Сәбиге "жіті улану" диагнозы қойылған. Ата-анасының дәрігерлерге деген алғысы шексіз. 

Қайғылы оқиға Ленгір қаласында орын алған. Ата-анасы үйлеріне келген қонақтармен жүрген кезде, қараусыз қалған қызы еденнен тауып алған уды жеп қойған. Анасының дер кезінде байқап қалып, жедел жәрдем шақырғанымен сәби улы заттан зардап шеккен. 

Бұл тұрмыс жағдайында балалардың зардап шегіп жатқан алғашқы жағдай емес. Медицина қызметкерлері өңір тұрғындарына қырағы болуға, "тұрмыстық құралдарды, шығу тегі белгісіз химиялық заттарды пайдаланбауға, сертификатталмаған өнімдерді сатып алмауға шақыруда. Улы жәндіктердің көзін жою үшін пайдалану кезінде сақ болуға, өз өмірі мен өзгенің өмірін қауіп-қатерге тікпеуге" шақырады. 

Дәл осы ауруханада дәрігерлер 60 жастағы ер адамның өмірі үшін де бірнеше күн бойы күрескен. Бүгін ол реанимациядан қарқынды терапия палатасына ауыстырылды. Науқастың айтуынша, ол қазан тазалайтын тұрмыстық химияны сусынмен шатастырып ішіп қойған.