Энергетикалық сусындар қуатыңды сорып алады
Бүгінгі жастар шаршағанын басып, сергек жүру үшін энергетикалық сусындардың көмегіне жүгінеді. Тіпті, мұндай сусындарды қолдану кейінгі буын арасында сәнге айналғандай. Күш беретін «сиқырлы сусындарға» мектеп оқушылары да, студенттер де құмар.
Энергетикалық сусындардың зияны жайлы естісек те, олардың нақты қандай зияны бар екенін біле бермейміз. Ал дүкендерде бұл ғажайып сусынның еркін таралуы мен қолжетімділігі денсаулыққа алаңдамауға болатындай әсер береді. Осы мәселе төңірегінде мамандар былай дейді.
Энергетикалық сусындарды белгіленген мөлшерлемеге сай тұтыну қатаң талап етіледі. Максималды мөлшер – күніне 2 құты сусын. Мөлшерден асыру – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін. Энергетикалық сусындар Франция, Дания және Норвегияда ресми түрде рұқсат етілмеген және дәрі ретінде тек дәріханаларда сатылады. Энергетикалық сусындардың құрамындағы дәрумендер мультидәруменді кешенді алмастыра алмайды. Жүрек аурулары бар, гипо немесе гипертониямен ауыратын адамдарға энергетикалық сусындарды тұтыну құпталмайды. Энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Сусында ешқандай энергия жоқ, ол тек энергия қоздырушысы. Яғни, біз өз энергия қорымызды пайдаланамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді.
Шымкент қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы.