Біртанов жекеменшік медициналық орталықтарды қолдайтынын жеткізді
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтан қаласындағы жекеменшік медициналық орталықтарын аралады. Бұл жайында министрдің баспасөз хатшысы Гауһар Бисарина Facebook-тегі парақшасында жазды.
Оның атап өтуінше, Елжан Біртанов ең алдымен Нұр-Сұлтандағы МӘМС аясында балаларға тегін консультациялық қызмет көрсететін жекеменшік оңалту орталығын аралады. Орталықта процедураларға қажетті барлық жағдай жасалған. Оның ішінде массаж кабинеті, ЕДШ, физиоемдеу, тұзды шахта, емшара кабинеті және басқалары бар.
«Орталық ДЦП, энцефалопатиясы және жоғарғы тыныс алу жолдарының созылмалы патологиялары бар балаларға медициналық көмек көрсетуге бағытталғанын атап өту қажет. Жылына 700-ден астам бала оңалтудан өтеді. Сондай-ақ, министр жекеменшік медициналық орталықтарды қолдайтынын жеткізді және клиникалар инновациялық технологияларды енгізіп, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында емдеу стандарттарын сақтауы тиіс екенін атап өтті», - деп жазды Гауһар Бисарина .