«Халықтық кеңсе» халық үшін жұмыс істейді
Түркістан облысына қарасты аудан әкімдіктерінің аппарат басшылары мен ақпараттық қауіпсіздік және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімдерінің басшылары Түлкібас ауданындағы тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған "Халықтық кеңсенің" жұмыс барысымен танысты.
Мамандардың мәліметіне сәйкес ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрбол Саттаров пен аудан әкімі аппаратының ақпараттандыру, мемлекеттік құпияларды қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің бас инспекторы - аудан әкімінің баспасөз хатышысы Дінмұхамед Аязбеков қатысты.
Кеңсенің жұмыс істеу механизмімен таныстырған Түлкібас ауданы әкімі аппаратының басшысы Ербол Орманов аталған жоба "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылғанын атап өтті. Сондай-ақ, халықтық кеңседе Түлкібас ауданы әкімдігіне қарасты 8 дербес бөлім 95 түрлі мемлекеттік қызмет бойынша "бір терезе" қағидатына сәйкес тұрғындарға қызмет көрсетіп жатқанын айтты.
"Елбасымыз айқындап берген "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын жүзеге асырудың 4 бағыты бар. Сол бағыттардың үшіншісі - мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру болып табылады. Автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейтін кеңседе азаматтар бұрынғыдай көп уақыт жоғалтпайды. Ең бастысы, қызмет түрлері жоғары сапада көрсетілетін болады" - деді Ербол Керімбекұлы.
Аудандардың ішінде алғаш рет Түлкібас ауданында ашылған халықтың кеңсенің жұмысына риза болған семинарға қатысушылар мемлекеттік қызмет көрсету бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағаларын беріп, бір-бірлерімен тәжірибе алмасты.