Кіл мықтылар сайысты

Screenshot_1.jpg

Елбасы өз Жолдауында спортты дамыту керектігін, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында тұрғындарды спортқа көбірек баулуға мән беріп келді.  

Түркістан облысы Шардара ауданы спорт салсы айтарлықтай дамыған өңірлердің бірі. Шағаласы шулаған өлкеден талай чемпиондардың түлеп ұшқаны белгілі. Осы орайда Шардарада Түркістан облыстық №2 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ашылғанына 25 жыл толуына орай армрестлинг пен гір көтеру спортынан облыстың ашық біріншілігі өтті. Шардара ауданының орталық спорт кешенінде өткен сайысқа аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Шомпиев пен Түркістан облыстық №2 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрлан Айтмурзаев және оқу ісі жөніндегі орынбасары Пернебек Құлтаев арнайы қатысты. Облыстық ашық біріншілікті өзінің құттықтау сөзімен ашып, спортшыларға сәттілік тілеген Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев Нұрлан Айтмурзаев пен Пернебек Құлтаевты аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттаса, спорт мектебінің директоры Нұрлан Пернебекұлы армрестлингтен және гір көтеру спортынан шардаралық аға жаттықтырушы Бақдәулет Тұрманов пен Асхат Минаповтарға Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырқбаевтың алғыс хатын табыс етті. Түркістан облысының барлық аумағынан 500-ге тарта жасөспірім қатысқан байрақты бәсекеде спорттың армреслинг түрінен ұлдар 10 салмақта, ал, қыздар 5 салмақ дәрежесінде күш сынасса, гір көтеру спортынан қатысқан ұлдар 7, қыздар 5 салмақ дәрежесінде өзара мықтыларды анықтады. Тартысты өткен біріншіліктің қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте ІІІ орынға Қоссейіт ауылының спортшылары табан тіресе, ІІ орын Жетісайлықтарға бұйырды. Ал, І орынды Шардара ауданының спортшылары қанжығаларына байлады. Жарыс соңында жүлделі орынға ие болған спортшылар ұйымдастырушылардың дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Кіл мықтылар сайысты