Егінге орақ түсті

Screenshot_28.jpg

Облыста алғаш болып қазығұрттық диқандар егінге орақ салды. Шаруалар бидайдан 30 центнерден алғашқы өнімін алып, қамбаға құйып үлгерді. 

Солардың бірі «Сапа – 2002» серіктестігінің басшысы, қазығұрттық диқан Нұржан Әшіров. Кәсіпкер 1996 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысады. Алғашында кәсібін 10 гектардан бастаған ол қазір 5 мың гектар алқапқа бидай, арпа және жоңышқа егіп отыр. 10-нан аса техникасы бар. Жалпы, Қазығұрт ауданы таулы өңір саналады. Бірақ соған қарамастан Шарбұлақ ауылдық округінде орналасқан шаруашылық биыл 2,5 мың гектарға бидай еккен. Ерте көктемде жауын-шашынның көп болуына байланысты егін де бітік шыққан. Күнгейлік шаруа мол өнім алуының сырын агротехникалық талаптарды сақтай отырып, күтімді өз уақытында жасағанымен байланыстырады. Сондай-ақ шаруашылық астықтың жаңа сұрпын шығарумен де айналысады.

 – Енді осы мол өнімді өз уақытында барынша шашпай-төкпей жинап алуға әрекет жасап жатырмыз. Биылғы жылы ауа райы ауыл шаруашылығы үшін өте қолайлы болып келді,- деді Нұржан Әшіров.

Қазығұрттық диқандар биыл 40 400 гектар алқапқа астық еккен. Бұдан бөлек, ауданда 45 мың гектарға түрлі майлы және бау-бақшалық дақылдар отырғызылған. 

Мамандардың дерегінше Түркістан облысында биыл 823 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың гектарға артық. Болжам бойынша, биыл 218 мың гектарға егілген астықтың әр гектарынан 21,2 центнерден өнім алынып, жалпы 462 мың тонна астық жинау жоспарланып отыр.

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Егінге орақ түсті