Әженің ақылы - тәрбие көзі
Төлеби аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау мақсатында «Ақ орамал - 2019» атты аудандық әжелер байқауы өтті.
Шараның діттегені тәрбиелік мәні жоғары халықтық өнерді, салт-дәстүрді, мақал-мәтелдер мен жас сәбидің ақ әженің әлдиі мен жылы қамқорлығынан бастау алатындай әдет-дағдыларды жаңғырту, ұрпақ алдындағы парызымыз екендігін жеткізу, әжесінің ертегісін есітіп өскен баладан тәрбиелі ұрпақ шығатынын дәлелдеу. Байқауға ауылдық мәдениет ошақтарынан алдын – ала іріктеу кезеңінен өткен 11 ақ жаулықты әжелер қатысып, бағын сынады. Көргені көп қариялар байқау барысында ақылымен бөлісіп, жас ұрпаққа бір кітапқа тең келер кеңестерімен бөлісті. Сондай-ақ өз өенрлерін де ортаға салды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Тілләқыз Тілегеноваға берілді. Ал жүлдеді бірінші орынды Зейтуна Шафикова жеңіп алса, екінші және үшінші орындар пернекүл Иманәлиева мен Құралай Молдабековаға бұйырды. Сонымен бірге бірқатар қатысушылар «Ақ әже», «Парасатты әже», «Өнерлі әже», «Дана әже» , «Асыл әже» секілді номинацияларға ие болды.
Қазақ отбасындағы әже орны ерекше әрі қадірлі. Әже - отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын – абысындардың бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Тарихта күллі рулы елге ана болып саналған Айпара әже, Домалақ ана, Зере, Айғаным секілді әжелердің бейнесі әлі күнге дейін әжелеріміздің бойында сақталып, жас ұрпақтың саналы болып өсуіне септігін тигізіп келеді.