Тілеухан Әбілдаев: «Ешкім де дәрігерлік көмексіз қалмайды»

Алматы қалалық Денсаулық басқармасының басшысы, білікті дәрігер Тілеухан Әбілдаев таяуда Алматы телеарнасының «AKIMAT LIVE» бағдарламасының қонағы болып, тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап берген еді. Көрермендермен болған сол сұқбаттың жазбаша нұсқасын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

тлеухан-1.jpeg

– Тілеухан Шілдебайұлы, елімізде жаңа жылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Аталған жүйеге Алматы қаласының медициналық ұйымдары қаншалықты дайын?

– Жалпы алғанда, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне біз соңғы үшдан бері тыңғылықты дайындалдық. Бүгінде Алматы қаласының инфрақұрылымы оған толық дайын. Осы бағытта емдеу мекемелеріне медициналық ақпараттық жүйе енгізілді. Бәрі интеграция жүйесімен, соның ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің «Сақтандыру» ақпараттық жүйесімен қамтылды. Жақында медициналық ұйымдарда аудит жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде олар МӘМС жүйесіне толық дайын екенін дәлелдеді. МӘМС-ке байланысты биыл клиникалық-диагностикалық қызмет бойынша және медициналық реабилитация бағытында қаржыландыру көлемі ұлғаяды. Соған сай қаланың медициналық ұйымдары өздерінің жатын орындарының белгілі бір бөлігін жаңалап, бүгінде МӘМС пакеті аясында мемлекеттік тапсырыстар алып қойды. Осы бағытта пациенттер қабылдап, медициналық реабилитациядан және клиникалық-диагностикалық зерттеуден өткізуге дайын екенін дәлелдеді.

– МӘМС жүйесінде қариялардың санаториялық, курорттық ем қабылдаулары қарастырылған ба?

– Аталған жаңа жүйеде санаториялық, курорттық ем қабылдаулар қарастырылмаған. Бірақ, МӘМС жүйесін ендіру аясында медициналық ребилитацияға көп көңіл бөлінген. Медициналық реабилитация дегеніміз жүрекке жасалған күрделі отадан, нейро-инсульттан, инфаркттен және буындарды алмастырудан кейін жасалатын оңалту шаралары. Отадан кейін медициналық реабилитация адам ағзасын толықтау қалпына келтіріп, қалыпты өмірге оралуына көмектеседі. Бұл бағыттағы оңалту жұмыстары басталып кетті. Медициналық реабилитация Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының бақылауында болады.  

– Дегенмен, МӘМС-ке дейін де болған, қазір де бар зейнет жасындағы адамдардың кезекпен санаториялық-курорттық ем алулары жалғасатын шығар?

– Санаториялық-курорттық емдеу бүгінгі таңда кәсіподақ ұйымдары, әлеуметтік басқармалар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан көрсетілетін қосымша көмектер. Ал біздің денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтер – денсаулығын оңалту, қалпына келтіру шаралары болып келеді. Бұлар да санаториялық көмектерге ұқсас болғанымен мақсаты мен бағыты басқашалау. 

– МӘМС жүйесін түсіндіру жұмыстары туралы аз айтылып жатқан жоқ. Дегенмен, міндетті жарнаны төлемесе не болады?

– Негізі бұл жүйе ендірілгеннен кейін де мемлекет тарапынаен берілетін кепілдендірілген медициналық көмектің көлемі сақталатын болады. Еліміздегі барлық азаматтарға медициналық жедел жәрдем, төтенше жағдайларға ұшырағанда көрсетілетін жедел дәрігерлік көмек, санавиация, емханалық алғашқы санитарлық көмек түрлері, профилактикалық егу шаралары, әлеуметтік ауруларды емдеу, бұлардың барлығы да мемлекет тарапынаен кепілдендірілген көмек тарапынан көрсетіле береді. Ал енді көптеген жоспарлы емдік көмектер, клиника-диагностикалық емдер, қымбат лабораториялық тексерулер, жоспарлы ауруханада жатып емделу, жоспарлы аурухана алмастыратын көмектің түрлері, медициналық реабилитация түрлері, бұлардың барлығы да МӘМС пакеті аясында көрсетілетін болады. Сондықтан отандастарымыз денсаулықтарын сақтандырғаны жөн.

– Өткен ғасырдың 90-ыншы жылдардағы қателіктерін қайталамас үшін не істеу керек?

– 1996-98 жылдары ел оңала қоймаған еді. Экономикалық жағдай күрделі болатын. Айлық жалақылар ұзақ уақыт бойы берілмейтін. Тіпті зейнетақы жарнасын төлеу де қиын еді. Көп отандастарымыз еңбек нарығына бейімделе алмай, жұмысшы берушілер тарапынан медициналық жарна төленбейтін және мемлекет те санаттар бойынша міндеттемелерін орындай айлмайтын. Қаржылық тұрақсыздық белең алып тұрған кез еді. Бүгінгі экономикалық жағдай одан мүлдем басқаша. Өткен жылдың қорытындысымен тұрғындардың 95 пайызына дейінгі бөлігі міндетті медициналық сақтандырумен қамтамасыз етілетініне көзіміз жетіп отыр. Былтырдың өзінде қорға 250 миллиард жинақталды және биыл 600 милларрд теңге түседі деп күтілуде. Бұл біздің халқымыздың денсаулығын жақсартуға, қордың тұрақтылығын нығайтуға бағытталатын болады. Осылай қордың резерві қалыптасады. 

– Қаржының көбеюі, қордың тұрақтылығы медицина мамандарының материалдық жағдайын жақсарта ала ма?

– Жалпы еліміз бойынша денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржының 40 пайызын тұрғындар денсаулығы үшін өз қалтасынан шығарады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша бұл көрсеткіш 20 пайыздан асқанда елдегі денсаулық сақтау саласының да, оның қаржыландыруының да тұрақсыздығына әсер ететін шара болып саналады. МӘМС жүйесін ендіру арқылы алдағы үш жылда халқымыздың шығынын екі есе төмендету – денсаулық сақтау саласының негізгі міндеттерінің бірі. Бұдан бөлек халыққа түрлі медициналық көмектер қолжетімді болады, оның ішінде құны қымбат емді тегін алуына мүмкіндік туады. Мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік медициналық ұйымдар арасындағы бәсекелестік ертең дәрігерлік қызмет сапасын арттырады деп күтіп отырмыз.

– МӘМС жүйесі маман тапшылығын реттей ала ма? Кейбір азаматтар өздері тіркелген емханаларда қажетті маманның жоқтығын айтып шағымданып жатады ғой.

–  МӘМС ондай емханаларға тиісті мамандары бар медициналық ұйымдармен келісімшартқа отырып, олардың дәрігерлерін өздерінің пациенттерін емдеуге тартуға мүмкіндік береді. Осылай маман тапшылығын жоюға, реттеуге болады. Тіс дәрігері де солай қызмет көрсете алады. Тек мұнда төтенше жағдайлардан басқа жағдайда 18 жасқа дейінгі азаматтар мен жүкті әйелдерге ғана көмек тегін. Басқаларымыз тісіміздің еміне төлеуге тиіспіз. 

– Мемлекет қамқорлығына алынған 15 санатқа жатпайтын, жұмысы тұрақты емес адамдардың жарнасы қалай төлейді? Ол міндетті ғой?

– Егер мәртебесі анықталмаған болса, онда ол азамат өзін-өзі сақтандыруына болады. Ең төменгі жалақының 5 пайызын төлесе, болмаса елімізде бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) бар, соны төлесе, сақтандырылған адам ретінде МӘМС пакеттеріне кіретін дәрігерлік көмектің барлығын тегін ала алады. БЖТ көлемі бір айлық есептік көрсеткішке тең – биыл 2627 теңге. Ай сайын төлеп тұрса, ол сақтандырылған тұрғын саналады. 

– БЖТ-ні кімге және қайда барып төлейді?

– Бүгінде Алматы қаласында біздің емханаларда арнайы терминалдар орнатылған. Ол жерде оларға ақылы кеңес беретін медициналық көзметкерлер де бар. Солардың көмегіне жүгініп, сол емханаға келген кезде терминалға жарнасын төлеп, өзін-өзі жұмыспен қамтушы азамат ретінде мәртебесін бекітіп, медициналық көмектерді толық ала алады. Бұдан бөлек, екінші деңгейдегі банктерге, Қазпоштаның бөлімшелеріне барып, болмаса қазір дамыған заман ғой, смартфондарында орнатылған қосымшалар арқылы үйлерінен шықпай-ақ міндетті жарнасын төлеп, МӘМС жүйесінің қатысушысы бола алады. Ал жүйенің қатысушысының екі пакетті де толық пайдалануға құқы бар.