Қауіпті індетке қарсы тұруда
Созақ ауданының коронавируспен күрестегі тастай жұмыстарына оң баға беруге болады. Себебі өзге аудандарда науқастардың саны өсіп жатқанда Созақта 23 сәуірге дейін бірде-бір науқас тіркелген жоқ. Тек сол күні Таукент ауылының 1980 жылғы тұрғынынан коронавирус инфекциясы расталды. Ол Ресей Федерациясынан 15 сәуірде Қарағанды қаласына келіп, ары қарай Алматы қаласына барған. 21 сәуір күні Алматыдан Созақ ауданына келген. Сондай-ақ, Созақ ауылының 1992 жылғы тұрғыны мен осы ауданның Құмкент ауылының 2020 жылғы туған сәбидің COVID-19 індетіне шалдыққаны белгілі болды. Кейінен тағы екі науқастан вирус табылды. Науқастар қазіргі таңда тиісті емін қабылдауда. Инфекция жұқтырғандарға ем көрсетуге аудандық орталық аурухана мен дәрігерлерге барлық жағдай жасалған.
Жалпы дерт дендемей тұрып сақтық шараларына көшкен аудан әкімдігі алдымен халыққа түсіндірме жұмыстарын қолға алды. Ол бекер емес. Өйткені ел арасында вирустың «көше кезіп» жүргеніне сенбейтін жандар әлі де бар. Мұндай адамдар қоғамға өз кесірін тигізетіні анық. Ал билік үшін әрбір азаматтың өмірі қымбат. Сондықтан әкімдік мамандары дәрігер және еріктілермен біріге отырып, тұрғындар арасында бұл инфекцияның қаншалықты қауіпті екенін және одан сақтанудың жолдарын түсіндірді. Ақпараттық-насихат тобының арқасында созақтықтар көзге көрінбейтін жаумен өздігінен күресуді үйренді, хабардар болды. Айталық ауданнан құрылған «VALUE» волонтер жастардың ұйымдастыруымен "Індеттен сақтаныңыз" акциясы жүйелі түрде өтіп келеді. Акцияны ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің және ауыл кент округ әкімдері қолдап отыр. Шара аясында волонтер жастар барлық ауыл кент округтері мен елді мекендерде індеттен сақтану жолдары түсіндірілген жадынама парақтарын таратты. Бұл акцияның мақсаты, елімізде жарияланған төтенше жағдайда, тұрғындарға вирустан сақтану жолдары туралы керекті кеңес беру.
Тазалық бар жерге кесел жоламайды. Осы қағиданы ұстанған аудан әкімі Салыхан Полатовтың тапсырмасына сәйкес коронавирус індетіне қарсы дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімдігі тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандарының қатысуымен Созақ ауылындағы адам көп жүретін негізгі көшеге, аурухана, дәріханаларға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардан бөлек, әрбір аудан тұрғыны жеке бас гигиенасын сақтап, індеттен қорғану үшін үнемі маскада және қолын жиі жуып, антисептикпен сүртіп отыруы қажетті туралы ауылдар мен елді-мекендерде дауыс үлкейткішпен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Залалсыздандыру жұмыстары Құмкент ауылында да жалғасты. Залалсыздандыру ісіне 1 ауыр техника, 10 адам жұмылдырылып, аумағы 5 шақырым жерге дезинфекиция жасалды. Сондай-ақ ауданда 144 мемлекеттік және жеке меншік мекеме да тазарды. Сонымен қатар базар алды, автовокзал, орталық Жібек жолы көшесімен Сұлтанбек Қожанов көшесінің бойы, жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жолдар да залалсыздандырылды.