Біртановты қолдаушылар министрлікке ашық хат жазды

Қазақстандағы танымал дәрігерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері әлеуметтік желіде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілініп, қамауға алынған бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қолдау акциясын бастап кетті.  Олар экс-министрдің кінәлі екеніне сенбейді. Денсаулық сақтау министрлігінің экс-басшысын қолдайтын ашық хатты Help Today қорының жетекшісі, қоғам қайраткері Эля Алиева Facebook-тегі   парақшасында жариялады. 

image.png

Ашық хатта жазылғандай, бұрынғы министрдің ұсталғаны туралы жаңалықты онымен бірге оқыған. жұмыс істеген тұлғалар ауыр қабылдаған. Хат авторлары Елжан Біртановты "денсаулық сақтау министрлерінің ішінде ең нәтижелі қызмет атқарғандардың бірі" деп атады. Олар Біртанов еңбек жолын санитар қызметінен бастағанын атап өтті. 

- Әлемнің ең үздік университеттері мен ауруханаларынан алған теңдесіз білімі, ағылшын және қазақ тілдерін жетік білуі, мол практикалық тәжірибесі Елжан Біртановқа әлемнің көптеген еліндегі әріптестерінің құрметіне ие болуға, ең жақсы шетелдік тәжірибе мен мамандарды елге тартуға мүмкіндік берді,– делінген ашық хатта. 

Сондай-ақ олар Біртановтың кезінде Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесі айтарлықтай жақсарғанын атап өткен. Дәрігерлер жалақысы көбейді, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді, жаңа денсаулық кодексінің жобасы іске қосылды. 

- Ақ халаттылар мен азаматтық қоғам сенім артқан, дәрігерлер отбасынан шыққан, керемет ұйымдастырушының сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар дегенге сене алмаймыз. Саланы дамыту стратегиясына, саяси шешімдер қабылдауға жауапты жоғарғы лауазымды шенеунік мемлекеттік сатып алуларға қандай қатысы болуы мүмкін? Бұл оның міндетіне жатпайды! – дейді хат авторлары. 

Олар сондай-ақ пандемия барлығы үшін күтпеген жағдай болды деп санайды, сондықтан да бұл індетке дайын болмады деп көптеген елдің министрлері мен шенеуніктерін кінәлауға болады. Алайда жіберілген қателіктерді ескере отырып, қорытынды жасау арқылы ғана онымен күресуге болады. Қоғам қайраткерлері мен дәрігерлер өзі пневмониямен ауырған Біртановтың денсаулық сақтау министрлігі жүйесіне коронавируспен күресте әлі де пайдасын тигізуі мүмкін еді деп санайды. 

Хаттың соңында авторлар "іс кәсіби әрі бейтарап түрде тергеледі" деген үмітін білдіріп, "бес баланың әкесі, ауыр пневмониямен ауырған адам тергеу кезінде өз үйінде болуы мүмкін еді" деп қосты. Хабарламаға сәйкес, хатқа, белгілі дәрігерлер, профессорлар, медицина ғылымдарының докторлары, елге еңбегі сіңген қайраткерлер қол қойған. Олардың қатарында кардиохирург, Қазақстанның Еңбек Ері Юрий Пя, нейрохирург Серік Ақшолақов, жоғары санатты дәрігер, ғалым Абай Байгенжин, Республикалық медициналық палатаның басшысы Мақсұт Құлжанов, Халықаралық репродуктология академиясының басшысы, академик Вячеслав Локшин, профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман және басқа да белгілі дәрігерлер, ғалымдар, қоғам белсенділері бар. 

Айта кету керек, UMC баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісіне Юрий Пяның хатқа қол қойғанын растаған. 

Ашық хаттан бөлек, Instagram-да экс-денсаулық сақтау министрін қолдауға арналған парақша ашылды, оған 100-ден астам адам жазылып үлгерген. Кейбір желі қолданушылары экс-министрге қатысты істі "таза әділетсіздік" деп атаған жазбаларын жариялады. Адамдар өз пікірлерін "МенБізЕлжанБіртанов" жазуы бар суретімен бірге салып, жариялап жатыр.