Бәйдібек: Мемлекеттік бағдарламамен жұмысқа тұрғандардың саны артуда
Жастар практикасы – жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне арналған еңбек қызметінің бір түрі. Мемлекет ұсынған мұндай тиімді бағдарламаны ұтымды пайдалану мүмкіндігі жоғарғы оқу орнын тамамдап, жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарға арналады. Бәйдібек ауданында аталған бағдарламаның игілігін көріп жүрген, онысымен қоймай тұрақты жұмысқа да тұрып кеткен азаматтар саны көп.
Мәселен биылдың өзінде ауданда 150 жас осы бағдарлама арқылы өз мамандығымен іс-тәжірибесін жинақтап, қаржысын алған. Сүйтіп түрлі саланың тізгінін тартқан жалынды жастардың ертеңге деген сенімі де артқан.
Бәйдібек ауданы халқы тығыз, даму динамикасы қарқынды өңір. Мұнда ішкі инфрақұрылымнан бөлек, жастардың мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жұмысқа орналасуы өскен. Бұл жергілікті билік пен бұхара халықтың кері байланысы нығая түскенін көрсетеді. Сондай-ақ, жастарды жұмыспен қамтып, бағдарламаның мүмкіндігін арттыру үшін мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар, түрлі кәсіпкерлік субьектілері мен келісім шарттар түзілген. Мақсаты сол жас маманның тәжірибесін шыңдап, тұрақты жұмысына білікті маман даярлап шығару.
Жанғали Байбағасов - Бәйдібек ауданы әкімдігі «Халықты жұмыспен қамту» орталығының бөлім басшысы
Жастар практикасы бағдарламасының аясында ағымдағы жылы 109 азамат тағылдамадан өтуге жолданды. 31 жас іс-тәжірибеден өтті. Оның 18-і тұрықты және уақытша жұмысқа орналасып, еңбек етуде. Аудан бойынша білім саласына – 5, ішкі саясат бөліміне – 2, ветеринария саласына – 3 маман, сондай-ақ, медицина саласынан – 8 жас маман тұрақты жұмысын тапты. Солардың бірі - Тоғжан Дари.
Ол Шымкент қаласы медициналық колледжінің түлегі. «Емдеу ісі» мамандағы бойынша білім алып, туған жерінде жұмыс істеуге бел буды. Сүйтіп, «Халықты жұмыспен қамту» орталығының мамандарынан кеңес алып, жастар практикасы бағдарламасы аясында іс-тәжірибеден өтті. Қазір білікті маман атанып отыр. Бағдарламаның арқасында тұрақты жұмысын тапқан ол, өзге жастарға да ерінбей еңбек етуге шақырады.