Ордабасы: Әкім аудан жастарымен пікір таластырды
Жастар - қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Сондықтан бір жылдың айтулы бір күнін арнайы жастар мерекесі етіп, күнтізбеде белгілеген. Яғни, 12 тамыз - Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтіледі.
Ордабасы ауданында да айтулы күнде айтулы кездесу өтті. Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков әр салада нәтижелі еңбегімен ерекшеленген аудан жастарымен кездесіп, пікір алмасты.
- Ауданымызда 30 мыңға жуық жас бар. Мен Сіздер арқылы сол жастарымыздың барлығын бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақыт адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы. Бүгінгі жастар мұны анық сезініп, білім алып, өз күш-жігерлерін тәуелсіз еліміздің гүлденуіне жұмсауы тиіс. Отаншылдық пен ұлтжандылықтың сабақтастығын жалғап, жас буынға өнеге болуы шарт, - деді аудан басшысы өз сөзінде.
Жастар да өз ойларымен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Бос уақытты дұрыс ұйымдастыру мәселесі де қозғалады. Аудан басшысы кездесу барысында айтылған ұсыныстарды заң аясында зерделеп, орындау үшін тиісті шаралар атқарылатынын атап өтті.