Ойыншық нарығындағы бренд

Screenshot_42.jpg

Шымкент қаласында жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шағын және орта кәсіпкерлік құрайды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен ондағы өзгерістер барысы талқыланған мәжілісте: «Қала бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың негізгі жолы – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуды, салық түсімдерін ұлғайтуды және қоғамдық, саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы 5 жылдықта Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өңірлік өнімдегі үлесін 50%-ға жеткізуіміз керек. Сол себепті, кәсіпкерліктің кез келген өзекті проблемалық мәселелерін шешу және оның алдын алу тікелей өзімнің бақылауымда болады.    Барлық дамыған мемлекеттер сияқты шағын және орта бизнесті қала экономикасының локомотивіне айналдыруымыз қажет», - деген еді.  Иә кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Шымкенттегі  «NAVRUZPLASTIC»  зауыты да мемлекеттің қолдауын сезінген кәсіпорынның бірі.

   Зауыт  2004 жылы  құрылған. «Бастапқыда Бутстрэппинг әдісімен фабриканы құруда өз қаржымызды қолдандық. Алайда мамандардың жетіспеуі және мемлекеттік қадағалау органдарының тарапынан өндірісті іске қосуда әртүрлі қиындықтар болды. Қазақстандағы тұңғыш балалар пластмасса ойыншықтары фабрикасын құру бойынша жұмысты қандай да бір кедергілерге қарамастан тоқтатқан жоқпыз. Осы қиын жұмыста бізге сол кездегі ОҚО әкімдігі, Даму Қоры және Қазақстан Республикасының шағын бизнес пен кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мемлекеттік бағдарламасы бойынша тікелей қолдау көрсетілді»,- дейді кәсіпорын басшысы Шухрат Юлдашев. 

«NAVRUZ PLASTIC»  2013 жылы балалар пластмасса ойыншықтарын, жабдықтар мен шикізат өндірісін зерделеу жөніндегі мұқият әрі тынымсыз еңбегінен соң , бизнес-жоспарын қорғап, 10 500 000 теңге мөлшерінде несие алған. Несие қаражатына балалар пластмасса ойыншықтарын (МАСК машинасы, Супер МАСК, Мини МАСК және конструктордың 4 түрі) өндіру үшін заманауи станок пен матрицалар сатып алады. Осылайша еліміздегі жалғыз балалар пластмасса ойыншықтарының өндірісінің негізі Шымкентте қаланды.

Алғашында кәсіпорын айына 3000-3500 дана отандық ойыншықтар шығарған. Ал, 2014 жылы 6000-6500 дана , 2015 жылык құрастырғыш  пен толокар жасаған. Қазіргі уақытта мекемеде айына 22 түрлі 10 000 данадан астам балаларға аналған  пластикалық ойыншық құрастырылады. Яғни машинаның 5 түрі, құрастырғыштың 5 түрі, каталканың 6 түрі, құм жиынтығы мен дойбының 5 түрі өндіріледі. Ойыншықтар 3 жастан 10 жасқа дейінгі балаларға арналған. Шымкенттік өнім импорттық бәсекелестерінен төмен бағамен (қытайлық баламаларға салыстырғанда әлдеқайда арзан), шикізат пен құрастыру сапасының жоғарылығымен  ерекшеленеді. Сондықтан Шымкент, Алматы, Астана, Қарағанды қалалары, Түркістан облысы нарығында үлкен сұранысқа ие. Аталған аймақтарды мекеме толық қамтамасыз етіп отыр. 

Дегенмен кез-келген бизнесте инфрақұрылым маңызды рөл атқарады. Кәсіпорын 2016 жылы әкімдік тарапынан қолдауға ие болып, 0,3 гектар жер телімін алады.  Сол жылы «Kassa Novo Банк» компаниясымен бірге 50 000 000 теңге сомасына неғұрлым жаңа жетілдірілген станоктарды сатып алу және қолданыстағы өндірісті жаңғырту үшін ұзақ мерзімді кредит бөлінді. Фабрика 2018 жылы «халықтың үздік тауары» аталымын иеленіп, ал араға жыл сала, яғни 2019 жылы Президенттің «Іскер» сыйлығының лауреаты атанды. 



®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Ойыншық нарығындағы бренд