Полиция жұмысы халық үшін ашық

Screenshot_7.png

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында, Полиция халыққа қызмет көрсетудің жаңа сервистік қызмет көрсету үлгісіне көшіп отыр. Полицияның жұмысы туралы қоғам пікірі мұқият қаралды. Апта сайынғы генералдың жеке қабылдауында болған азаматтардың өзекті мәселелерін шешу үлкен жауапкершілік.  Осы орайда Шымкент қаласының Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов қала тұрғындарына онлайн форматта  есеп берді.

Департамент бастығының айтуынша 2019 жылы 724 азаматтар жеке қабылдауымда болса, ал 2020 жылы 409 азамат қабылданған. Сонымен қатар 62 рет шағын аудандар мен елді-мекендердің тұрғындарымен кездесу жиындарын өткізіп, 500-ге жуық тұрғындардың өтініштерін тиянақты қарап, тиісті шешімдер қабылданған. 

Қабылдауға келген тұрғындардың полицияға деген алғыс білдіру туралы өтініштері де осыған дәлел. Есеп беру мерзімінде департаментке 400-ден астам алғыс хаттар келіп түссе, әлеуметтік желілер арқылы 6000-нан аса қала тұрғындары өз ризашылықтарын білдірген.

Полиция қызметінің ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз ету, тұрғындармен қолжетімді, әрі тиімді байланыс орнату мақсатында, ғаламтор желісінде департаменттің ресми веб-порталы, әлеуметтік желілерде департамент атынан ашылған ресми парақшалары («Фейсбук», «Инстаграм» (Police_shymkent), «ВКонтакте», «YouTube.kz») халыққа қызмет етуде.

Әлеуметтік желідегі парақшаларға тіркелген қолданушылардың саны 44 000-ді құрап отыр. Аталған парақшаларға 1520 жарияланымдар жарияланып, оларды 2 млн 200 мыңға жуық қолданушылар көріп, 540 сұрақ, 7854 пікірлермен бөліскен. Түскен сұрақтарға дер кезінде жауаптар берілген.

«Сонымен қатар, Полиция департамент тарапынан 170-тен астам БАҚ өкілдері, блогерлер мен қоғам белсенділері арасында «WhatsApp» әлеуметтік желісінде «Группа Быстрого Реагирования» чаты құрылған. Қала аумағында орын алған келеңсіз жағдайларды фото-бейнежазбаға түсіріп, чатқа жіберіп отырады. Осы жолдаған ақпараттың негізінде полиция қызметкерлері орын алған жайттарды дер кезінде тексеріп, заңды шешім қабылдауда. Одан бөлек, «WhatsApp» әлеуметтік желісінде «Мониторинг бойынша жұмыс тобы» чаты құрылған. Қазіргі таңда оның 162 тұрақты қатысушысы бар. Осы чатқа 2000-ға жуық қала тұрғындары полицияның қызметіне қатысты сыни ақпараттарды жолдап, оларға қатысты тәртіптік шаралар қолданылуда»,- дейді полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов.

Заманауи технологиялардың даму кезеңінде кез-келген ақпарат тез тарайды. Сондықтан азаматтардың хабарламаларына полицияның жауабы осындай жылдам болуын қамтамасыз ету үшін, «Police 102» мобильдік қосымшасы бойынша қызмет көрсетілуде. Бұл қосымшаның тиімділігі оқиға орнынан қысқа хабарлама, фото-видео және бейне қоңыраулар жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда аталған мобильдік қосымша арқылы 280 хабарламаға қызмет көрсетіліп отыр. 


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Полиция жұмысы халық үшін ашық