Баспана бірініші кезекте мұқтаждарға беріледі

Screenshot_10.png

Үшінші мегаполис саналатын Шымкент қаласында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуде «Нұрлы жер» бағдарламасы секілді мемлекеттік бағдарламалардың қосып отырған үлесі зор. Мамандардың мәліметі бойынша 2021 жылдың I - тоқсанның қорытындысы бойынша қалада 2 796 (әр айда 932) азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 43 906 азамат бар. Бұл туралы Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасының I-тоқсанда атқарылған жұмыстары туралы есебінде басқарма басшысы Азамат Рысжанов айтты.

Басқарма басшысының айтуынша ағымдағы жылдың басында 976 отбасыны арендалық пәтермен қамту жоспарланыпты. Бүгінгі таңда жұмыс істейтін жастарға 300 пәтер бойынша тұрғын үй комиссияның шешімі қабылданып, пәтерлердің кілттері беріліп жатыр. 1 сәуірде 161 пәтер бойынша тұрғын үй комиссиясының шешімі шыққан. Бұл ретте жетім балаларға 10 пәтер, көпбалалы отбасыларға 106 пәтер, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына 45 пәтер беріледі. Комиссияның келесі отырысы мамыр айында өтеді деп күтілуде. 

Биылғы  жылдың соңына дейін кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 1 580 пәтер сатып алу жоспарланған. Пәтер сатып алуға 22,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Нарықтағы жеке құрылыс салушылардың тізімі анықталып, талдау жұмыстары жүргізілуде. 

Жыл соңына дейін кредиттік негізде 4 197 отбасыны пәтермен қамту көзделуде. 2021 жылы мамыр айында жергілікті бюджет есебінен бастапқы жарна үшін, 300 млн теңгеге дейін (әр азаматқа 1 млн теңгеге дейін) тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарда бар дейді мамандар.

Сонымен қатар, 2021 жылы жергілікті бюджет есебінен бөлінген 6 млн теңгеге «Тұрғын үй сертификаттарын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі автоматтандырылды. Бұл қызмет бойынша азаматтардың құжаттарын қабылдау – ақпараттық жүйенің www.kezekte.kz сайты арқылы жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ салаға жауаптылар тұрғын үйлер тек заң аясында, электронды кезекпен жүзеге асырылып жатқанын хабарлайды.