Вакцина салдырғандардың саны 140 мыңға жетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында:
-Пандемия барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңіне айналды. Олар індетпен күрес жолында көп қиындықты бастан өткеруде. Бір жерде ахуал тұрақтанса, екіншісінде вирустың жаңа ошақтары пайда болуда. Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді,-деп, коронавирусқа қарсы күрестің әлі жалғасатынын айтқан болатын.
Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы вакцинациялау шараларын жүргізу. Бүгінде Түркістан облысында қатерлі індетке қарсы 137 834 адам COVID-19 індетіне қарсы вакцина салдырған. Соңғы тәулікте 6680 адам екпе қабылдаған. Оның 21 414 медициналық қызметкер болса, 38 508 педагогтар мен 6139 құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Бұдан бөлек өзге топтағы – 47 238. Облыста 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен (ревакцинация) 28 315 адам вакцина салдырды. Екінші рет медицина мамандары – 14 267. Мұғалімдер – 9252 болса, құқық қорғау органдары – 436. Өзгелер – 3167.
Айта кетейік, Түркістан облысының 934 тұрғыны отандық QazVac-ты салдырған. Енді өңір тұрғындары Спутник-V, QazVac мен Hayat-Vax вакциналарын қабылдай алады. Жаңадан жеткізілген Hayat-Vax вакцинасы - қытайлық технологиямен өндірілген араб вакцинасы.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақта бүгінде жалпы 23429 медицина қызметкері бар. Оның 5000-нан астамы дәрігерлер, қалғандары орта буын мамандары. Ақ халатты жандардың ерен еңбегінің арқасында өңірде қауіпті індетті жұқтырған 4901 науқас толық жазылып шыққан. Жалпы, пандемия басталғалы Covid-19 инфекциясы расталған 5523 жағдай тіркелді. Олардың 3569-да ауру симптомсыз өткен болатын.