Оңтүстіктен Солтүстікке көш кетті
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында:
-Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шы¬ғыс аймағының өнеркәсіптік әлеуетін барынша пайдалану керек. Осы өңірлерде еліміздің еңбек ресурсының жартысы шоғырланған. Сапалы жұмыс орындары бұл аймақтарды дамыту үшін өте өзекті,-деген болатын.
Соңғы жылдары Оңтүстіктегі жұмыс күшін Солтүстікке тарту шаралары мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Жуырда аталған бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде Түркістан облысы, Сайрам ауданынан Солтүстік өңірге қоныс аударуға ниет білдірген 45 отбасы (Сарыағаш, Сайрам, Бәйдібек аудандары) мүшелері Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында жолға шықты. Олар екі облыстағы жағдайды жан-жақты сараптайды. Егер ұсыныс ұнаса, ол тұрғындар солтүстікке көшуі мүмкін. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қоныс аударуға ниет білдіріп, жолға шыққан тұрғындарға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Солтүстік өңірлерге Оңтүстік халқының қоныс аударуының стратегиялық маңыздылығын, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды атап өтіп, жерлестерімізге сәт-сапар тіледі.
Өз кезегінде түркістандықтардың Солтүстік өңірлерге қоныс аударуға бірнеше жылдан бері қолдау білдіріп жүрген, солтүстік өңірлер тіршілігімен танысып қайту саяхатын (тегін) ұйымдастырушы «Ұлы көш» қоғамының төрағасы Жаңабай Ағабеков сапардың бағыты туралы мағлұмат берді. Қоныс аударған жерлестерімізге жасалатын қолдауларды (баспана, жұмыс орны, жер) көзбен көріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге белсенділік танытуға шақырды.
Солтүстік облыстарға көш-қон бағдарламасы басталған 5 жылдың ішінде 20 мыңдай адам көшіп баған. Оның 6 мыңы – Түркістан облысының тұрғындары. Яғни 1700 отбасы қоныс аударған.
Сәуір айының басында Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының 2025 жылға дейін даму бағдарламасы қабылданды. Енді бұл аймаққа жалпы көлемі 2 трлн. теңге инвестиция салынбақ.
Ауыл шаруашылығы бойынша 52 сүт фермасы, 2 тауық фабрикасы бой көтереді. «Қызылжар» транспорт хабы іске қосылады. Басқа аймақтармен байланысты артырып, барыс-келісті барынша күшейту үшін әуе қатынасын айына 16-дан 68 рейске дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар облыстық жаңа аурухана, аудандарда 47 медициналық нысан, тұрғындар үшін 21 мың пәтер мен 16 мектеп салынады. Назарбаев университетінің негізінде жаңа университет іске қосылады. Осы жоспар бойынша 26 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл бастамалар "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген.
Солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулар туралы ақпаратты аудандық жұмыспен қамту орталықтарынан алуға болады.