Полицейлер халықпен жиі жүздеседі
Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов жергілікті тұрғындармен жүздесуді әдетке айналдырған. Департамент басшысы кезекті кездесуді 112-орам, «Самал-1» шағынауданы, Қазиев көшесінің тұрғындарымен барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізді. Бұл әкімшілік аумақ Абай АПБ-ның №14 учаскелік полиция пунктіне қарасты.
Кездесудің мақсаты – учаскелік полиция инспекторларының жұмысын саралау және халықпен кері байланысты нығайту болып табылады.
Қаланың бас полицейінің алдында тұрғындар көкейтесті сұрақтарына толыққанды жауап алып, өз ұсыныстарын айтты. Жиналған қауым осылайша үнемі кездесуге келіп, талап-тілектерін тыңдайтын Ералы Мұсаәліұлына алғыстарын білдіруді ұмыт қалдырмады. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар учаскелік инспекторлардың жұмысына байланысты оң пікірлерімен бөлісті.
Осы орайда, департамент бастығы Ералы Жұмаханбетов учаскелік полиция инспекторларының әкімшілік аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша атқарып жатқан ауқымды жұмыстарымен де танысып, қосымша тапсырмалар берді.
Айта өтетін ақпарат, ағымдағы жылдың 4 айында аталған әкімшілік аумақта учаскелік инспекторлармен 158 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлға анықталған және ішкі істер органдарына есепке 20 тұлға қойылған. Уақытша уытсыздандыру орталығына 10 тұлға және қабылдап тарату орнына 3 тұлға орналастырылды дейді сала мамандары.
Кездесу барысында, әдеттегідей, тұрғындарға Шымкент қаласының Полиция департаменті бастығының нұсқауымен «WhatsApp» желісінде құрылған «Жедел әрекет ету тобына» қосылып, жұмыла жұмыс жасау мақсатында байланыс нөмірлер жазылған ақпараттық парақшалар таратылған.