Интернет алаяқтардың жолын кесті
Ағымдағы жылдың 12-14-мамыр аралығында Шымкент қаласында интернет-алаяқтыққа қарсы күреспен, сондай-ақ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын өзге де құқық бұзушылықтарды анықтауға, жолын кесуге және ашуға бағытталған «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
«Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты - қызмет көрсету аумағында ақпараттандыру және байланыс саласындағы, сондай-ақ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын өзге де құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және ашуға бағытталған кешенді іс-шаралар өткізу. Сонымен қатар, зиянды бағдармаларды, арнайы техникалық құралдарды, порнографиялық және өзге де тыйым салынған өнімдерді дайындайтын және тарататын адамдарды анықтау, олардың қылмыстық әрекетін құжаттандыруға шаралар қабылдау болып табылады. Қалалық полиция қызметкерлері интернеттегі алаяқтық, құқық бұзушылықтар турасында орын алған қылмыстарды ашу және олардың алдын алу бағытында біршама жұмыстарды атқарды.
Айта кетейік, бұл күндері қылмыстардың басым көпшілігі танымал онлайн-сервистерде алдын ала төлемді талап етумен тауарларды және қызметтерді сату туралы хабарландыруларды орналастыру арқылы жасалады екен. Тәртіп сақшылары 2 күннен бері қаладағы ахуалды бақылауға алып, қылмыстық істерді болдырмау бағытында үздіксіз жұмыс істеп, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізді.