«Ауыл – ел тірегі»: Қайнарбұлақта онкүндік қорытындыланды

18.jpg

Сайрам ауданында бастау алған «Ауыл – ел тірегі» жобасы аясында  Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі онкүндік қорытындыланды. Бұл туралы Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауылдық округ бойынша осы он күн көлемінде атқарылған жұмыстардың жайын аудан әкімінің орынбасары Шухратулла Азаттуллаұлына бөлім басшылары баяндады. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Шамхат Розақұлұлы да қатысты. 

Онкүндікте ауыл шаруашылығы жерлерін электронды картаға енгізу жоспары 200 га жерге қатысты түзілген еді. Бөлімге 41 шаруа қожалық келіп, жалпы 292,06 га жер көлемі енгізілді. «Хауал» каналының – 2 км және «Әсіл» каналының 1,5 км, «Ханарықтың»- 1,5 км, «Бауарықтың» - 1 км бөліктері тазартылды. Жалпы жоспар бойынша 10 шақырымды тазалау қажет болса, орындалғаны 12 шақырымды құрады. Ауыл округінде жалпы 43 шаруашылық көлемі 111 га жерге ерте картоп еккен. Оның ішінде бір ғана алқаптан 2 өнім алуды жоспарлап отырған 15 шаруашылық бар, олардың жер көлемі 23,94 га құрайды. Таскешу елді мекенінде 5 жер учаскесіне ор қазу жұмыстары заңсыз жүргізілгені анықталып, Түркістан облыстық жер инспекциясы басқармасына шара қолдану бойынша ұсыныс хат жолданды. Әсіларық елді мекенінде егістік жер учаскесіне қоршау жұмыстары және тұрғын үй құрылысы жүргізілгені анықталып, Түркістан облыстық жер инспекциясы басқармасына тиісті шара қолдану жөнінде ұсыныс берілді. Аудан әкімдігінің қаулысына сәйкес, мемлекет меншігіне қайтарылған Қайнарбұлақ ауылдық округі аумағындағы «Қайнарбұлақ», «Қызылсу Сихым» және «Шіркін» селолық тұтыну кооперативіне тиесілі болған 155,94 га жер учаскелерін, ауылдық округінің әкімдігіне табыстау бойынша аудандық жер комиссиясы оң қорытындысын шығарды. Оған қатысты жоба дайындалуда, - деп баяндады аудан әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімшесінің басшысы М. Нұрлыбаев

Жиын соңында аудан басшылығы онкүндік барысында белсенділік танытқан тұрғындар мен қайырымдылық шараларына демеушілік көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді. 

Айта кетейік, осы онкүндік аясында 24 азамат жеке қабылдауға келген. Ауыл тұрғындарының сауалдарын аудан әкімі, бөлім басшылары тыңдап, тиісті шешім шығарылды.