9 спорт және балалар ойын алаңшасы салынуда

Screenshot_33.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтардың салауатты өмір салты — салауатты ұлтты қалыптастырудың негізгі шарты» дей келе бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Сондай-ақ ағымдағы жылы спортпен айналысатын азаматтардың үлесін 33%-ға дейін арттыруды,  инфрақұрылымды дамытуды, оның ішінде спорт ғимараттары желісін кеңейтуге және халықтың барлық топтары үшін қолжетімділікті арттыруға ерекше назар аудару керектігін тапсырған болатын.

 Президенттің тапсырмасына сәйкес  бұқаралық спортты дамыта отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру ісін жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданында 9 спорт және балалар ойын алаңшасының құрылысы басталды.

Аудан әкімі Рашид Мыңбаев нысан құрылысының барысын тексеру үшін Отырар шағынауданындағы №№ 11, 12, 13/1, 13/А  көп қабатты үй аулаларында салынып жатқан алаңшаларды көрді. Онда тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныстары мердігер мекеме тарапынан ескерілетіндігін түсіндірді.

Жыл соңына дейін Әл Фараби ауданында жаңа 27 спорт және балалар ойын алаңшасы бой көтереді деп жоспарланып отыр. Оның 14-і "Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында орнатылады. Ойын алаңшаларымен қатар ауланы абаттандыру жұмыстары да жүргізілетін болады.

Тұрғындардың еркін отырып демалуы үшін бастырма (беседка), жаңа орындықтар мен  қоқыс алаңшалары, спортпен шұғылдану элементтері қоса  орнатылады деп күтілуде.