«Жастар – Отанға!» бағдарламасы жастарға көптеген мүмкіндіктер сыйлуда
Бүгінгі таңда жастардың мәселелерін шешуде алдымызда 5 негізгі жұмыс бағыты тұр. Бұл – азаматтық белсенділік, сапалы білім, лайықты жалақысы бар жұмыс, қолжетімді баспана және бос уақытты тиімді ұйымдастыру. Оның әрқайсысының тиянақты жүзеге асырылуы еліміздің әрбір жас азаматы үшін маңызды. Осы бағыттар аясында Шымкент қалалық «Jas Otan» Жастар қанаты жастардың өмір сүру сапасын арттыруға, өз қабілетін іске асыру әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін нақты міндеттер қойып отыр. Аталған міндеттерді іске асырудың жолдары «Жастар – Отанға!» бағдарламасында нақты белгіленген.
"Біріншіден, осы бағдарламаның бағыттарына сәйкес қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін кешенді шаралар мен нақты индикаторлар көрсетілген аймақтық жол карталары қабылданды. Олардың іске асырылуы еліміздің әрбір ауданы, қаласы үшін үлкен басымдыққа ие болады.
Екіншіден, жастар үшін белгіленген 20% квота бойынша партияішілік праймериз арқылы белсенді және талантты жас қазақстандықтардың тізімі жасақталады. Нәтижесінде, партияның жас өкілдері ҚР Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарда 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын жүзеге асыруда нақты тетіктерге ие болды. Үшіншіден, мемлекеттік органдар тарапынан жастардың өзекті мәселелерінің шешілуін жүйелі бақылау үшін «Jas Otan» жастар қанаты мен «Nur Otan» партиясының ресурстары мен мүмкіндіктері толық қолданылады",-дейді Шымкент қалалық «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Мағжан Исахов.
Айта кетейік, Шымкент қаласы «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының құрамы 30 мыңға жуық жасқа, ал тікелей белсенді түрде жұмыс жасайтындар 2531-ге жетіп отыр. Мақсаты – ынталы, өз қабілетін іске асыруға ұмтылатын, өзінің және елінің болашағы үшін жауапкершілікті терең сезіне отырып, рухани құндылықтарымызды бөлісетін әрбір жастың – патриоттың мүддесін қолдау.
Бөлісу тақырыбы: «Жастар – Отанға!» бағдарламасы жастарға көптеген мүмкіндіктер сыйлуда