18 мың тұрғын кәріз жүйесіне қосылады
Шымкент қаласы мегаполис статусын иемденген кезде құрамына бірқатар елдімекендер еніп, қала аумағы ұлғайған болатын. Сөйтіп шаһар тұрғындарының саны ғана артып қоймай, сонымен қатар қала басшылығының да жұмысы арта түсті. Әсіресе шалғай елдімекендердің инфрақұрылым, коммуналдық мәселелерін шешу керек болды. Мәселен қаладағы бірқатар елдімекендер әлі кәріз жүйесіне қосылмаған. Нақтырақ айтар болсақ, қаладағы 81 шағынауданның 18-і кәріз жүйесімен қамтамасыз етілсе, 63 шағынаудан қамтылмаған.
Қала тұрғындарын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын-үй, коммуналдық щаруашылығын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде қазір 13 нысанның құрылысы жүргізілуде. Үш магистралды кәріз коллекторының және 10 ішкі орамдық жүйенің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Олар: Самал - 1,2,3, Достық, Асар-2, Тассай, Мирас, Шапағат, Ұлағат, Наурыз және Солтүстік-Шығыс шағынаудандары.
Салаға жауапты мамандардың мәліметіше бұл жылы үш шағынауданның және бір магистралды кәріз коллекторының құрылысы аяқталып, Самал-1, Солтүстік Шығыс және Наурыз шағынаудандарының 18 мың тұрғыны кәріз жүйесіне қосылатын болады.
Cамал-1 шағынауданын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында «Үшсай» мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмысы қарқынды жүруде. Ұзындығы 33,9 шақырымды құрайтын кәріз жүйесі құрылысының бүгінде 70 пайызы аяқталған. Қараша айында құрылыс жұмысы толығымен аяқталып, нысан пайдалануға беріледі.
Ал, Солтүстік-Шығыс шағынауданында ұзындығы 16,1 шақырымды құрайтын нысан құрылысының 30 пайызы аяқталған. Құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде.