Ақбиіктіктер 50 пайыз екпе алды

9.jpg

Түлкібас ауданы Ақбиік ауылдық  округ аумағындағы тұрғындардың шамамен 50 пайызы коронавирусқа қарсы иммундаудан толық өтті. Бұл туралы аталған ауылдық әкімдік әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.  

-Халықты вакцинациямен қамту үшін округ аумағында егу пунктері көбейтілді. Сонымен қатар, аптап ыстықта халыққа жағдай жасау мақсатында вакцинациялауға арналған көшпелі бригада құрылып, округ аумағын аралап, екпе шараларын жүргізуде.  Қазіргі уақытта, округ тұрғындары арасында вакцина алу белсенділігі байқалады. Жұрт өз денсаулығына, айналасындағы адамдардың денсаулығына алаңдай бастады. Айта кету керек, тек вакцинация коронавирустың одан әрі таралуына жол бермейді және қатаң локдаунның жалғыз баламасы,-делінген ақпаратта. 

Айта кетері, Түркістан облысы коронавирус аурушаңдығының көрсеткіші бойынша сары аймақта орналасты. Облыс аумағында карантин мен шектеу шаралары қатаңдатылды. Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанша бұқаралық іс-шараларды, отбасылық іс-шараларды көршілік жиналатын орындар мен үй аумағында өткізуге тыйым салынады. «Ashyq» жобасына қатыспаған нысандар – мәдениет нысандары, театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, филармониялар, бильярд, компьютерлік клубтар, боулинг, цирк, банкет залдарының қызметіне рұқсат жоқ. Ақпан айынан бастап вакцинацияның 607 мыңнан астам дозасы жеткізілді. 128 егу пункттерінде І-компонентпен – 537 733 адам, ІІ-компонентпен – 346 283 адам қабылдады.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Ақбиіктіктер 50 пайыз екпе алды