Түркістан облысына 50 мың доза QazVac жеткізілді
Түркістан облысына Жамбыл облысындағы фармацевтикалық зауыттан елу мың доза көлемінде отандық вакцина жеткізілді. Жалпы вакцинация басталғалы 816 мың 645 доза келіп жеткен.
Түркістан облысында 769 мың 707 адам вакцинаның бірінші құрамын салдырды. Ал, вакцинаның екінші компонентін 621 мың 313 адам қабылдаған.
Бүгінде өңір тұрғындары ресейлік «Спутник V», отандық QazVac, Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі, Қытайдың жасап шығарған CoronaVac және Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасын қабылдай алады.
Қазір облыс аумағында 141 екпе қабылдау пункттері жұмыс істейді. Оған қоса 80 көшпелі вакцина салу пункті ел аралап медициналық қызмет көрсетеді.
Бүгінде облыс «жасыл аймақта» тұр. Өңірде 6 қыркүйекте COVID-19 індетінің 53 жағдайы тіркелді. Тәуліктік өсім 0.40 % құрайды. Қазір инфекциялық стационарларда барлығы 2600 орын бар. Мұнда 950 науқас ем қабылдап жатыр. Коронавирустық инфекцияның әртүрлі сценариіне байланысты инфекциялық төсек-орын санын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Жалпы пандемия белең алғалы КВИ-дің 13 238 жағдайы анықталды. Сондай-ақ, бүгінге дейін 987 726 ПТР сынамасы алынған. Ал, соңғы тәулікте зертханаларда 1226 адам тексерілді.
Бүгінде вакцина сақтайтын қоймада көлемі 300 литр құрайтын 2 дана мұздатқыш (-20оС) бар. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен көлемі 143 литр құрайтын 20 дана мен 601 литр құрайтын 2 дана мұздатқыш сатып алынып, толық жеткізілді.