Түркістан облысы тұрғындарының жартысы ПТР тексеруден өтті

Түркістан облысында жалпы 987 мың 726 адам ПТР тест тапсырып, тексеруден өтті. Соңғы тәулікте 53 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.

image.png

Облыс бойынша 3 мыңдай инфекциялық және карантиндік төсек-орын ұйымдастырылған. Онда 1 мыңға жуық науқас ем қабылдауда. Облыс аумағындағы коронавирус инфекциясы мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және мобильді топтардың жұмыстарының нәтижелері Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында талқыланды.

Күнделікті тіркеліп отырған науқастар бойынша Түркістан облысы төмен көрсеткіште. Ал, коронавирусқа қарсы вакцинация қарқыны бойынша алғашқы қатарда.

- «Біз «жасыл аймақта тұрмыз». Ұйымдастыру жұмыстарымен, санитарлық тәртіппен, ары қарай жалғастарамыз бұл жұмысты. Вакцинация жасауға келсек, әлемде миллиондаған адам вакцинадан өтті. Енді, әбден көзіміз жететін уақыт келді», - деді облыс әкімі.

Бүгін Жамбыл облысындағы фармацевтикалық зауыттан қосымша 50 мың доза көлемінде QazVac отандық вакцина жеткізілді. Жалпы вакцинация басталғалы 900 мыңға жуық доза келіп жеткен. Айта кетейік, 770 мың адам вакцинаның бірінші құрамын салдырса, екінші компонентін 630 мыңға жуық адам қабылдаған. Бүгінде өңір тұрғындары ресейлік «Спутник V», отандық QazVac, Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі, Қытайдың жасап шығарған CoronaVac және Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасын қабылдай алады.

Облыс аумағында карантин режимі талаптарының орындалуын бақылау бойынша мобильді топтармен мониторинг жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері облыс бойынша жасақталған 131 мобильді топтармен 200 мыңнан астам нысан араланған.