Түркістан боксшылары ел қоржынын медальмен толтырды

Ресейдің Қазан қаласында ТМД елдерінің 1-ойындары аяқталды. Ақтық сынға шыққан 6 былғары қолғап шеберіміздің төртеуі өз салмағында қарсылас шақ келтірген жоқ. Жалпы бұл жарыста 26 салмақта (13-і ұлдар, 13-і қыздар арасында) жүлде жиынтығы сарапқа салында десек, боксшыларымыз соның 21-інде медаль олжалады (4 алтын, 2 күміс пен 15 қола).

image.png

Бокстан өткен жекпе-жекте еліміздің намысын қорғаған Түркістан облысының бұрымды боксшылары 60 келі салмақта сынға түскен Ұлжан Сəрсенбек жеңімпаз атанса, 46 келіде рингте жұдырықтасқан жерлесіміз Дельфина Əбілхан қола жүлдегер атанды. Ал, ұлдар арасында рингте өнер көрсеткен 52 келідегі Нұрислам Қалдыбаев қола жүлдені қанағат етті.

Түркістандық былғары қолғап шеберлері Қазан қаласындағы додада өздерінің мықтылықтарын көрсетті.

Бұған дейін Түркістан қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен жалпы Дубайда өткен бокс бәсекесіне 4 спортшы қатысып, 2 спортшы алтын, 2 спортшы күміс иеленген еді. Осылайша Дубайда төріндегі кезекті Азия чемпионатында Қазақстанның жастар құрамасы ғаламат жетістікке жеткен болатын. Рингте өздерінің мықтылықтарын дəлелдеп, қарсылас шыдатпаған жастарымыз Азияда үздік атанды.

Мамандардың айтуынша, осы жеңімпаз жастардың арасында болашақта ел мерейін үстем етер талай олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері тəрбиеленуде.

Осындай Азия чемпионаттары арқылы ұландарымыз спортта өсіп келеді. Əлі алда талай əлем чемпионаттары мен төртжылдықтың басты додасы олимп ойындары бар.