Түркістан каратэшілері Әлем кубогында 11 алтын жеңіп алды
Түркістан облысының каратэшілері Әлем чемпионатында ел намысын қорғады. Қазақстан құрамасының қатарында бақ сынаған спортшылар еліміздің көк байрағын желбіретіп, ғаламат жеңіске жетті. Бұл туралы облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады.
Бүкіл дүние жүзінің спорт сүйер қауымының назарын аудартқан Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында қыркүйек айының 14-і мен 21-і аралығында спорттың карате-до түрінен өткен «Gold World Cup» Әлем кубогі аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғап, еліміздің әнұранын, әуелетіп, көк байрағын көкте желбіреткен Түркістан облыстық №2 ОРМБЖ спорт мектебінің шәкірттері ғаламат жеңіске жетті. Түркістандық спортшылар əлем бойынша өткен татамиде күш-жігерлерін көрсетті.
Нəтижесінде жеңістің шыңын бағындырып, алтын медаль иеленгендер қатарында жерлестеріміз Абен Меруерт екі алтын иеленсе, ал, келешегі кемелді Маттай Диас жеңімпаз атанды. Бұдан басқа талантты саңлақ
Құлажан Олжас пен Қуандық Ердос та екі алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, татами шеберлері арасында Даниял Қайратұлы жеңімпаз атанса, тағы бір түркістандық спортшы қыз Мариям Алиджани бір алтын, бір күмісті қанжығасына байлады.
Күміс жүлдені талай жеңістерге жетіп келе жатқан Жасұлан Бекмұрат иеленсе, болашағы жарқын Балауса Кеңес екі алтынды олжалады. Ел қоржынына әр үлгі бойынша 11 алтын, 2 күміс медаль еншілеген жеңімпаз спортшы ұл-қыздарымыз елге олжалы оралды.