Түркістан облысында соғыс ардагері санаққа онлайн тіркелді
Түркістан облысыдағы Жетісай ауданының тұрғыны Петр Кузьмич Попков елімізде осы жылдың 1 қыркүйегінде басталған жалпыхалықтық санаққа онлайн тіркелді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Петр Кузьмич Попков Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, Еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» ордені иегері. Ол соғыстан кейінгі жылдары еліміздің ауыл шаруашылығы саласында еселі еңбек еткен. Бүгінде кіндігінен тараған 4 қызынан 14 немере мен шөбере сүйіп отыр. Қарт майдангер халықтың тыныс-тіршілігі таразыға тартылатын тарихи сәтті асыға күткенінін айтады.
– 12 Кеңес Одағының Батыры шыққан Мырзашөл топырағының әрбір майдангері көрсеткен жанқиярлық пен отансүйгіштік қасиеттері бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік үлгі – аманат болуы тиіс! – дейді қарт майдангер.
Ұлттық халық санағынан sanaq.gov.kz сайты арқылы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін онлайн режимде өтуге болады. Жетісай аудандық статистика басқармасының басшысы Жұмабек Әбсаттаровтың айтуынша, дәстүрлі санақ кезінде өзін санақшы ретінде таныстырған өкілдің арнайы бейджигі және ондағы қойылған басқарма басшыларының қолы мен мөрі болуы шарт. Арнайы сайт арқылы отбасынан бір адам ЖСН-і бойынша бүкіл отбасын онлайн тіркей алады және кез-келген тұрғынның санақ бойынша қосымша мәлімет алу үшін «1446» байланыс орталығына хабарласуына болады екен.
Айта кетейік, 175 мыңға жуық тұрғыны бар Жетісай ауданынды жалпыхалықтық санаққа онлайн форматта тіркелуі жоспарланған 70 мыңға жуық тұрғынның 42 мың 637-і бүгінде тіркеуден өтіп үлгерген.