Түркістанда Ясауи кесенесінің жарықшамдары жарқырады
Кесене маңын жарықтандыру жобасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының сараптамалық қорытындысымен, археологтарының ұсыныстары ескеріле отырып жүзеге асырылған. Жобаның техникалық директоры Бағила Исакованың айтуынша, мамандар жобаға кіріспес бұрын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұқсас әлемдегі әйгілі тарихи мұражайларда зерттеу және талдау жұмыстарын жүргізген. Мұндай жарықтандыру тәжірибесі Мекке Мәдинадағы Қағбада, Ыстамбұлдағы Айя София мешітінде және Самарқандағы Регистанда бұрыннан қолданылып келеді.
– Біз құзырлы мекемелердің бақылауымен арнайы сараптама қорытындысымен жұмыс жүргіздік. Шамдар кесененің айналасына, шатырына сапалы қондырғылардың көмегімен орнатылды. Жұмыс барысында бірде-бір кірпішке зақым келген жоқ. Өйткені жарық қосымша орнатылған қондырғының көмегімен жалғанды, – дейді жоба жетекшісі техникалық директоры Бағила Исакова.
Тарихи ескерткішті жарықтандыру үшін 1200 метр электр сым қолданылып, 229 түрлі-түсті шам бүгін салтанатты түрде жағылды. Бірегей жобаны жүзеге асыру кезінде тарихи ескерткіштің әрбір бөлшегін сақтау талап етілді.
Мамандардың айтуынша, оптика мен жарық сипаттамаларының өзгеруі кезінде эпиграфиканың әртүрлі элементтері, яғни кесене қабырғаларындағы каллиграфиялық жазулар анық көрінеді. Кесененің дәл осы таңғажайып көрінісі жарықтандырудың ең негізгі ерекшелігіне айналмақ.
Кесене маңындағы ботаникалық бақта өткен рухани кеште Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филормониясының «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Астана Балет» театрының өнерпаздары мен танымал әншілер өнер көрсетті.