Түркістан әуежайы цифрлық жүйемен қызмет көрсетеді
Түркістан халықаралық әуежайында «e-Gov Mobile» қосымшасының көмегімен цифрлық жеке куәлікті пайдалану мүмкіндігі туды. Бұл туралы Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев хабарлады.
Түркістан халықаралық әуежайында «e-Gov Mobile» қосымшасының көмегімен цифрлық жеке куәлікті пайдалану үшін азаматтар алдымен «e-Gov mobile» жүйесіне тіркелу керек. Сосын сол қосымшадағы «Цифрлық құжаттар» деректер сервисінде сақталған жеке куәліктің QR-кодын әуежайдың тіркеу бөлімінде орналасқан арнайы құрылғы арқылы сканерлесеңіз жеткілікті. Арнайы аппарат сіздің жеке мәліметтеріңізді анықтап, сол мезетте сізді деректер қорына тіркейді.
«e-Gov Mobile» қосымшасының көмегімен цифрлық жеке куәлікті пайдалану мүмкіндігі әзірге еліміз бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Түркістан қалаларындағы әуежайларда ғана қарастырылған.
– «e-Gov Mobile» қосымшасының көмегімен цифрлық жеке куәлікті пайдалану Түркістан облысында әзірге пилоттық жоба ретінде іске асырылып жатқандықтан, азаматтарға жеке куәлігінің түпнұсқасын да өздерімен бірге алып жүргендері жөн. Жаңа жүйе Түркістан қаласында ғана емес, еліміздің басқа да қалаларындағы әуежайларда сынақтан толық сәтті өткен соң бұл жоба кеңінен қолданысқа енеді жоспарланған. Құдай қаласа, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан осындай мүмкіндіктерді алғашқылардың қатарында Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтары игілігіне пайдаланады деген сенім бар, – деді Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев.