Түркістан облысында 105-тегі әже цифрлық жүйемен санаққа қатысты

Түркістан облысында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының игілігін жасы жүзден асқан қариялар да көруде. Соның бірі, Ордабасы ауданының тұрғыны Шамбек Рахманова онлайн режимде елімізде 1 қыркүйекте басталған Қазақстан Республикасының ұлттық халық санағына қатысты.

image.png

– Халық санағының өткені жақсы. Себебі осы арқылы халқымыздың шынайы саны белгілі болады. Адамдардың тұрмыс деңгейі, әлеуметтік мәселесі санақ барысында анықталады деп ойлаймын. Сондықтан бұл науқанға бәріміз қатысқанымыз жөн. Мен өзімнен тараған үлкен әулетті халық санағына қатыстырдым. Сіздер де белсенді болыңыздар, – деді 105 жастағы әже.

Әжеміз жастық шағын Ұлы Отан соғысы жылдары тылда өткеріп, кейіннен совхозда жұмыс істеген. Шамбек Сатенқызы 1936 жылы тұрмыс құрып, 10 бала-шағаны баулып өсірген көпбалалы ана.

Бүгінгі таңда олардан 29 немере 69 шөбере, 15 шөпшек барлығы 113 немере, шөбере, шөпшек сүйіп отыр.

Айта кетейік, бүгінде аудан көлемінде ғасыр жасаған 10-ға жуық ата-әже түгелдей дерлік әлеуметтік сауалнамаға тіркелді. Арнайы мамандар жүз жасаған тұрғындардың мекен-жайында болып, тіркеу жұмыстарын жүргізді.

Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы ұлттық халық санағы 1999 жылы, ал екіншісі – 2009 жылы өтті. Ауқымды шараны Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі ұйымдастырды. 2018 жылдың сәуір айында Қазақстан халқының пилоттық санағы өтті. COVID-19 пандемиясына байланысты Қазақстан Республикасында 2020 жылға жоспарланған кезекті ұлттық халық санағын өткізу 2021 жылға ауыстырылғаны белгілі.