Түркістан облысында бір күнде үш спорт алаңы пайдалауға берілді
Түркістан облысының Созақ ауданындағы үш ауылда спорт алаңдары пайдалануға берілді. Абай, Қайнар, Көктөбе елді мекендеріндегі балалар ойын алаңымен кіші футбол алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Салыхан Полатов, аудандық мәслихат хатшысы Бегімбет Байғараев және ауыл тұрғындары қатысты.
Спорт нысанының лентасын салтанатты түрде қиып, құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Салыхан Полатов: «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық Атом компаниясы қашанда ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына қолдау білдіріп келеді. Міне, бүгін «Катко» қазақ француз біріккен кәсіпорны демеушілігімен футбол және балалар ойын алаңы салынып, елді мекен тұрғындарын үлкен қуанышқа бөлеп отыр. «Катко» кәсіпорнына өз атымнан және аудан халқы атынан алғысымды білдіремін»,- деді.
Созақ ауданы әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ әлеуметтік жобаларды қолдау аясында бірлескен жұмыстарды тұрақты түрде атқарып келеді. Осы уақытқа дейін аудандағы ауыл округ елді мекендерде «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ қарасты кәсіпорындар бірнеше «Street Workout» және балалар ойын алаңын салды. Енді міне, «Катко» қазақ француз біріккен кәсіпорны демеушілігімен Абай, Қайнар, Көктөбе елді мекенінде футбол және балалар ойын алаңы салынып, елдің игілігіне берілді.
Ауыл тұрғындары да қуанышты. «Уақытын тиімді өткізіп жастары спортпен тұрақты түрде айналысады. Спорт нысанын салуды ұйымдастырған аудан әкімдігіне, «Катко» қазақ француз кәсіпорнына ризашылығымызды білдіремін», - дейді Абай елді мекенінің тұрғыны Мүсірәлі Шалмағанбетов.
Абай, Қайнар, Көктөбе елді мекенінде соғылған футбол және балалар ойын алаңының жалпы аумағы 1800 шаршы метр.