Түркістан облысында диқандар өнімдерін арзан бағамен ұсынды

Түркістан облысының Созақ ауданында диқандар өнімдерін жерлестеріне екі есе арзан бағамен ұсынды. Бұған тұрғындар аудан орталығы Шолаққорған аулында өткен «Алтын күз» жәрмеңкесінде куә болды.

image.png

– Жәрмеңке өте тамаша өтуде. Өзіміздің Созақ ауданының өнімдері. Бағасы да қолайлы. Мен алманың келісін 250 теңгеден алдым. Дүкендерде алманың келі өте қымбат. 400-500 теңге, – дейді аудан тұрғыны Гүлнәзира Бейсекенова.

Тағы бір тұрғын Нұралы Оспанов «картоп 130 теңгеден халыққа алуға ыңғайлы. Сәбіз, пияз, мысалы, жүзім 350 теңгеден екен. Өте арзан. Жиі-жиі ұйымдастырылып тұрса дейміз» деген ойын жеткізді.

Созақ ауданының жер көлемі үлкен болғанымен суармалы жер аз. Соған қарамастан соңғы жылдары жаңа тенологияның көмегімен диқаншылыққа бет бұрған шаруалардың қатары көбейіп келеді. Сондықтан жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы саласына қажетті соңғы үлгідегі жаңа техникалар шығарылып, шаруаларға таныстырылды.

– Бұл жердегі барлық өнімдер өзіміздің ауданда өндірілген. Балық өнімдері, алма бағы, «Тағай ата тұз» деген мал шаруашылығына арналған тұздары бар. «Болыс ата» шаруа қожалығы қауын-қарбызды Ресейге шығарды. Аудандағы шаруаларды халыққа таныстыру үшін, аудан халқы білу үшін арнайы шақырып отырмыз, – дейді Созақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов.

Жалпы Созақ ауданында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылтын 13 мың 200 гектар жер бар. Оның 5 мыңына бақша және көкөніс дақылдары егілсе, қалғанына мал азығы дақылдары өсіріледі. Айта кетейік, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі аясында аудандағы үздік тауар өндірушілер марапатталды.