Түркістан облысында қызанақтың ерекше сорты өсіріледі

Түркістан облысы Қазығұрт ауданына қарасты Сарапхана елді мекеніндегі «Қазығұрт нұры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай 30 тонна қызанақ жинап алды. Кәсіпкер еңбегінің жемісін елге тарту етіп, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына базар нарығынан төмен бағада сатуға бел буып отыр. Серіктестіктің жылыжайындағы қызанақтың сорты да ерекше. Қызанақтың әр түбі 10 келіге жақын өнім береді.

image.png

Тоғыз жолдың торабына орналасқан Сарапхана ауылдық округіндегі «Қазығұрт нұры» үш гектар аумақты алып жатыр. Оның екі гектарында қызанақ, бір гектарында қияр өсіріледі. Жылына екі өнім алады. Ресейге, Қырғызстанға жыл сайын 600 тонна өнім экспорттайды. Өнімдерін Қазақстанның барлық аймағына сатылымға шығарады. Тапсырыс берушілер өздері келіп, ауылдан әкетіп те жатыр. Биылдан бастап жылыжай аумағы бір гектарға көбеймек. Жерлестері елдің қамын ойлаған іскер азамат ретінде білетін «Қазығұрт нұры» ЖШС-нің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Аманжол Әшірбаев жылына 800 тонна өнім алуды көздеп отыр.

«Қазығұрт нұры» жылыжайы 2013 жылы салынған. Шаруасын 24 сотық жерден бастаған кәсіпкер бүгінде егістік көлемін 4 гектарға жеткізіп отыр. 60 адам жұмыспен қамтылған. Олар ай сайын 90 мың теңге көлемінде жалақы алады.

«Қазығұрт нұры» серіктестігі жұмыс ауқымын ұлғайтып, лимон өсіруді және баламалы күн сәулесімен жылыжайды қажетті токпен қамтуды мақсат тұтып отыр. Осылайша, серіктестік ұжымы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына өздерінің сүбелі үлестерін қоспақ.