Түркістан облысында заманауи моделді мектептер ашылады

Түркістан облысында жергілікті жерлерде ардагер-ұстаздардың кеңесін құрып, заман талабына сай жаңа моделді авторлық мектептер ашу міндеттері тұр. Бұл туралы бүгін мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында Түркістандағы «Оқушылар» сарайында өткен салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов айтты.

Screenshot_16.jpg

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтап, білім саласында жоспарланған игі істермен бөлісті.

– Мұғалім – қасиетті ұғым. Ұстаз – киелі тұлға. Себебі, ұлы ғалым да, тілінен бал тамған ақын да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де, әкім де, министр де бәрі-бәрі ұстаздан білім алып, тәлім көрген. Құттықтауды Ұлы Абайдың сөзімен бастағым келеді. «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» – деп, қалай дөп айтылған. Мемлекет тарапынан ұстаздарға жасалып жатқан қолдаулардың көлемі жыл сайын артуда. Ендігі кезекте мұғалімдер алдында үлкен міндеттер тұр. Жаңа білім беру бағдарламасын игеру, заманауи озық тәжірибелерді қолдана отырып, білім сапасын арттыру, оқушыларды халықаралық деңгейге шығарып, креативті ойлау көзқарасындағы қазақстандық азамат қалыптастыру. Осы орайда, ұстаздар алдында басты міндет – тұрақты түрде біліктілігін өздігінен жетілдіру, – деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары.

Бүгін облысымыздың ең үздік ұстаздар қауымы мен ардагер-ұстаздар арнайы шақырылып, оларға облыс әкімінің марапаттары мен сыйлықтары тапсырылуда. Мұғалімдер күні салтанатты шарасында білім беру саласының ардагерлері мен еңбек сіңірген қызметкерлері «Еңбек ардагері» медалімен, «Ы. Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.