Түркістан облысы онлайн санақ бойынша көш бастады
Түркістан елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көп пайдаланатын облыс саналады. Оның бір ғана айғағы өңір тұрғындары Ұлттық санаққа электронды әдіспен онлайн қатысу бойынша республикада көш бастап тұр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов брифингте мәлімдеді.
Ағымдағы жылдың 1-қыркүйегінен бастап 15 қазан аралығында елімізде sanaq.gov.kz сайтында онлайн режимде халық санағы өтуде. Облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитұлының айтуынша, бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 865 мың 824 тұрғын онлайн санақтан өткен. Мұндай көрсеткішке әзірге еліміздің бірде бір облысы не республикалық мәртебе алған мегаполисі қол жеткізе алған жоқ.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары халықты аралап санақ жүргізу жұмыстары бүгіннен басталғанын жеткізді.
– Санақтың екінші, дәстүрлі әдісі сұхбатшылармен жаппай аралау арқылы онлайн режимде санақтан өтпеген тұрғындар арасында 1-30 қазан аралығында өткізілмек. Бұл кезеңде 350 нұсқаушы-бақылаушы және 2385 сұхбатшы жұмысқа тартылады. Үйлерді аралауға шығатын интервьюерде планшеті мен санақ куәлігі бар бейджигі, санақ логотипі бар шарф, көк сөмкесі болады, – деді Арман Сәбитов. Халықты толық есепке алуды және халық санағын жүргізу кезінде деректер сапасының анықтығын тексеруді қамтамасыз ету мақсатында қарашаның 1 мен 10 аралығында бақылау іс-шаралары жүргізіледі.
Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бағлан Абайбекұлының айтуынша, санақ аяқталған соң статистика органдары базадағы деректерді өңдейді. Ұлттық халық санағының қорытындысы 2022-2023 жылдары жарияланатын болады.