Түркістан облысында газ тарату стансасы іске қосылды

Халықаралық маңызы бар «Бейнеу-Бозой» магистралды газ құбырының шарапатын көрушілер қатарында шардаралықтардың да саны артып келеді. Соның ішінде көгілдір отынның келуін асыға күткен өңір жұртшылығына ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында қуанышты хабар тарады. Шардара аудандағы ГРС-18 табиғи газ тарату стансасы іске қосылды. Үш елді мекенді, 5 мыңнан астам отбасын сұйық отынмен толық қамтуға қауқарлы орталықтың ашылуына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты.

image.png

Облыс әкімі өңір тұрғындарын құттықтап, ауданның толық табиғи газға қосылуы – қоршаған ортаны қорғаудың ең тиімді жолы болатынын атап өтті. Шардара ауданы келер жылы 100 пайыз табиғи газбен қамтылады.

– Бүгін біз Сіздермен қуанышты жағдайдың куәгері болып отырмыз. Шардара ауданын табиғи газбен қамту келер жылы толық жүзеге асады. Бұл жұмыстар осыдан бірнеше жыл бұрын Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынып, халықаралық маңызы бар «Бейнеу-Бозой» магистралды газ құбыры тартылып, автоматтандырылған газ тарату станциялары қосылғаны бәріңізге белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан маңызды шаралар халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Нәтижесінде, бүгінде Түркістан облысында газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті, – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Шардара ауданында 10 ауылдық округ бар. Бүгінде 8 ауылдық округке қарасты елді мекендер табиғи газға қосылып, аудан бойынша газдандыру көрсеткіші 50 пайызды құрайды.