Шардара су қоймасына сандық технология ендіріледі
Түркістан облысындағы жалпы сыйымдылығы 5 млрд 200 млн текше метрді құрайтын Шардара су қоймасына «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында сандық технологияларды енгізу жоспарлануда. Келер жылы жаңғырту құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін су бөлу және оны есептеу жұмыстары толығымен автоматтандырылмақ. Су қоймасына электронды есептеуіш құралдары орнатылады. Бөгеттен шығып жатқан сулардың барлығы компьютер арқылы есептеліп отырады.
Көрші Өзбекстан мемлекетімен шекаралас шағалалы Шардара ауданында орналасқан Шардара су қоймасы толық жөндеуден өткеннен кейін 7 балдық жер сілкінісіне шыдас беретін сейсмикалық төзімділікке ие болады. Бұл туралы еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов пен Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев су қоймасы бөгетінің сейсмотұрақтылығын қайта жаңғырту және арттыру құрылысымен танысуға келген жұмыс сапары барысында айтылды.
Биыл Сырдария өзені тартылып, Шардара су қоймасының толмай қалуынан биыл жаз айларында судың сапасы нашарлап, залалсыздандыру жұмыстары күрделенді. Тұрғындар судан тарықты. Бұған жауын-шашынның аз түсуі мен қуаңшылық, одан қалды көршілес елдерден келетін судың кемуі себеп. Ал Шардара су қоймасындағы суды сүзгіден өткізіп, тазалайтын станцияның жұмысы тікелей судың деңгейіне байланысты. Теңізде су тартылса, жұмыс та тоқтайды. Облыс әкімі ісссапар барысында мемлеттік, тіпті еларалық деңгейде қаралуы тиіс бұл мәселеге министрдің назарын аударды.
Екі жыл бұрын Шардара су нысанының қабырғаларын нығайтуға республикалық бюджеттен 7 млрд 733 млн теңге қаражат бөлінген болатын. Осылайша жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған су қоймасын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары қарқынды жүзеге асырылып келеді. Шардара су қоймасының құрылысы келер жылы толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.