Манкентте заманауи клиника салынуда

Screenshot_5.png

Сайрам ауданы Манкент ауылында жеке кәсіпкер есебінен «Медикал центр Манкент» жекеменшік медициналық клиникасының құрылысы жүргізілуде.  Үш қабатты ғимаратпен танысу үшін аудан әкімі мәслихат хатшысы Ш.Халмурадов және тиісті сала мамандарымен бірге аралады деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Кәсіпкер Ирисали Бекенов ауыл аумағындағы 40 соттық жер теліміне нысанның құрылысын өткен жылдың қыркүйек айында бастаған болатын. Ғимараттың құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың тамыз айына аяқтап, халық игілігіне медициналық көмек көрсету үшін тапсыруды жоспарлап отыр.

Ғимарат 100 орынға арналған. Бірінші қабатында халықты қабылдау, денсаулығын тексеру, емдеу шаралары жүргізілсе, қалған қабаттарында сауықтыру жұмыстары жоспарлануда. 

Аталған ғимаратты салу үшін Бекеновтер отбасы өз есебінен 280 млн. теңге қаржы жұмсаған.

Жеке кәсіпкердің пікірінше, ағымдағы жылы жекеменшік медициналық клиникасына тәжірибелі дәрігерлер жұмысқа қабылданып, келушілерге қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға назар аударылатын болады. Сонымен бірге, клиниканы заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықтау үшін Түркия елінен сатып алу мәселесі көзделуде.

Манкент ауылдық округі 2 елді мекеннен тұрады. Манкент және Аққала елді мекендерінде бүгінгі таңда 34670 адам өмір сүреді. Елді мекен тұрғындары «Манкент» бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығынан қызмет алуда. 

Аудан әкімі жеке кәсіпкердің жергілікті тұрғындардың денсаулығын емдеу ісі бағытында жүргізіп отырған жұмыстарын қолдап, мемлекет тарапынан тұрғындарға қарастырылған қажетті көмектерді алу мүмкіншіліктерін түсіндірді. 

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Манкентте заманауи клиника салынуда