Министрлік жұмысқа тұру үшін медициналық тексеруден өту неге ақылы екенін түсіндірді

Screenshot_5.png

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына салықтар мен жарналардың аударылып жатқанына қарамастан, қазақстандықтар жұмысқа орналасу үшін міндетті медициналық тексеруден өткен кезде ақысын өз қалтасынан төлеп жүр. ҚазАқпараттың жазуынша Денсаулық сақтау министрлігі бұл сауалға төмендегідей жауап жолдаған.

«2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы ҚР Кодексінің 86-бабы бойынша, оқуға түсер кезде немесе жұмысқа орналасар кезде алдын ала медициналық тексеруден өтуді міндеттейді. Бұл кәсіби міндеттерді орындауға және білім алуға жарамдылықтық анықтау үшін қажет. Сондай-ақ инфекциялық және паразитті аурулардың таралуын болдырмауға керек», - делінген ведомство жолдаған жауапта. 

Министрлік мамандарының мәліметі бойынша, алдын ала медициналық тексеруден өту ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2020 жылғы 15 қазандағы бұйрығымен реттеледі.

 «Оқуға түсер кезде немесе жұмысқа орналасар кезде міндетті медициналық тексеруден өту (075/у формасы бойынша) ақылы негізде көрсетілетін мемлекеттік қызмет болып есептеледі. Бұл туралы мына нормативтік-құқықтық актілерде жазылған; 

- «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 202-бабының 1-тармағына сәйкес, ақылы негізде көрсетілетін медициналық көмекті (ақылы медициналық қызметтер) денсаулық сақтау субъектілері стандарттарға сәйкес келісімшарт негізінде көрсетеді. 

- ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін атқарушының «Мемлекеттік қызметтер тізілімін бекіту туралы» 2020 жылғы 31 қаңтардағы 39/НҚ бұйрығымен (176-жол), сондай-ақ «Алдын ала міндетті медициналық тексеруден өту» стандарты бойынша алдын ала міндетті медициналық тексерулер ақылы негізде жүргізіледі», - деп жазылған министрлік жауабында.