Құрбан айт: санитариялық ережелер
Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында мал сату, сою бекеттерінде және көпшіліктің қатысуымен ұйымдастырылатын құдайы тамақтар кезінде, басқа да іс-шаралар өткізу барысында аса қауіпті жұқпалы аурулардың (сібір жарасы, Конго-Қырым қанды геморрагиялық қызбасы аурушаңдығы, т.б.), жаппай тамақтан уланудың және жедел ішек инфекцияларының алдын алу ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді.
Мереке қарсаңында қолайсыз жағдайлардың алдын алу үшін төмендегі талаптарды сақтау қажет:
құрбандыққа шалынатын малдарды сату мен сою ветеринарлық қызмет тарапынан ветеринариялық-санитариялық қорытындысы бар орындарда
және әрбір ауыл шаруашылығы жануарларының тиісті ветеринарлық құжаттары (вет.паспорт, ілеспе құжаттар, құлақ сырғалары) болған жағдайда ғана іске асыру;
мал сою барысында шыққан қалдықтарды уақтылы залалсыздандырып, шығару;
жеке бас гигиена қағидаларын қатаң сақтау.
Қазіргі таңда қаламызда жіті ішек инфекциялары жиі тіркелуде. Осыған орай, қоғамдық тамақтану орындарында және мешіттерде іс-шаралар өткізу барысында төмендегі ережелерге аса назар аудару керек:
ас дайындаушылардың медициналық тексеруден өтуі және медициналық кітапшаларының болуы;
тағамды арнайы киімде дайындау және дәретханаға бару алдында арнайы киімді шешу;
тағам дайындаумен, үлестірумен айналысатын жұмыскерлердің денесінің ашық жерлерінде, қолында іріңді жаралардың, шағын жарақаттардың болуын қарап-тексеретін және анықталған жағдайда жұмыстан шеттетуге жауапты адамды бөлу;
тазалау жұмыстарымен айналысатын жұмысшыны тамақ дайындау және ыдыс-аяқты жуу барысына жібермеу;
тағамдарды дайындау технологиясын сақтап, таза пісіру;
шикі етке қолданған тақтайша, пышақ, ыдыс аяқты піскен тағамға пайдаланбау;
үй жағдайында консервіленген өнімдерді асқа қолданбау;
тез бұзылатын өнімдерді сақтықпен қолдану;
тағам өнімдерін тоңазытқышта тауарлық көршілестігін (шикі азық түлік пен піскен тағамды бір сөреге қоюға болмайды) ескеріп, сақтау;
тағамдардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарының болуы.
МАҢЫЗДЫ!
Біраз уақыт бойы тіркелмеген коронавирусты инфекцияның саны соңғы екі аптада күрт өскенін ескере отырып, халық арасында індеттің тарап кетуінің алдын алу мақсатында:
мүмкіндігінше адамдардың көп шоғырлануының алдын алу;
әлеуметтік қашықтықты сақтау;
ауырып тұрған жағдайда бетперде киіп, көпшілік орынға бармай, үйде қалу;
қолды жиі антисептикпен өңдеу және басқа да сақтық шараларын ұстауға КЕҢЕС БЕРЕМІЗ.
Құрбан айт мерекесі құтты болсын!
Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын қорғаңыз!
Ә.ТӨЛЕБАЕВ, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы