Қауын-қарбызын экспорттаған кәсіпкер енді қара өрік жинайды
Былтыр Түркістан қаласының әуежай маңынан бос жатқан 400 га жер теліміне «TURKISTAN FRUIT» ЖШС Түркия елінен 220 мың дана 7 түрлі қара өрік (Formosa, Santa Rosa, Papaz, Can, Climax, Red Heart) көшеттері әкеліп отырғызған болатын. Өнімділігі гектарына 40-50 тн. израилдік технологиямен сорғы станциясы орнатылып, жер асты тамшылатып суару жүйесі жүргізілген.
Жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілуде. Жергілікті бюджеттен 1,9 млрд. теңге қаржы жоспарланып, 1,3 млрд. теңге бөлінді. Бөлінген қаржыға Түркістан магистралді каналынан 11 шақырым құбыр тартылып, 21 дана тік дренажды ұңғыма қазылып, 7 бірлік су жинайтын резервуар салынды. Нысанға 16,2 шақырым электр желісі тартылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан 2,2 млрд. теңге несие қаржысы алынды.
Бұл жобаның артықшылығы қара өрік өнімі алынғанға дейін, екінші өнімге 150 гектар алқапқа бақша дақылдары (100 гектар қауын, 50 гектар қарбыз) егіліп, бүгінгі күнге 4 мың тонна өнім жиналды. Өнімдер республиканың өңірлеріне және Ресей Федерациясы нарығына экспортталды.
Бұдан бөлек, аталған аумақта 2022 жылы сыйымдылығы 40 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланған. Сонымен бірге, 2022-2023 жылдар аралығында жоба құны 107 500,0 млн. теңгені құрайтын 100 гектар заманауи жылыжай кешені және құны 1 420,0 млн. тегені құрайтын 150 гектар өрік бауын отырғызу жоспарланды.