Әрі демалыс әрі терапия

image.png

Қаланың у-шуынан шаршаған кезде тыныштығы мүлгіген, ауасы мөлдіреген ауылға қарай тартып тұрғың келеді. Таудың ауасы тынысыңды ашып, көңіліңді хош етері сөзсіз. Таза ауа адам тәнін емдейді. Ал оған жаңа сауылған биенің сүтін қосып ішсеңіз тіпті жаныңыз да, тәніңіз де сауығатыны сөзсіз. Міне, осындай жан рахатын іздеушілер көктем шыға бере Төлеби ауданына ағылады. Себебі ауданда саумалмен емдеу орталықтары дәл осы мезгілде ем алушыларға есігін айқара аша бастайды. Осындай орындардың бірі «Дихан тау» саумалы сауықтыру орталығы. 

image.png

Былтыр «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы мен «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы арқылы қаржыландыру нәтижесінде  ашылған нысан бүгінде көптеген аудан, облыс және республика тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған. Құны 57 млн теңге болатын орталықтың иесі жеке кәсіпкер Эльмира Еспенбетова.  Диханкөл елді мекенінде  орналасқан кешен бір мезгілде 25  отбасын қабылдайды. Орталықта ем қабылдаушылар үшін  үш мезгіл асы мен төрт мезгіл саумал және жатын орын қызметі ұсынылады. Кәсіпкер отбасылық бизнесін отағасы Бағлан Рысбаевпен бірге жүргізіп отыр. Орталық ғимараты  15 бөлмеден тұрса, ол толық қажетті  жиһаздармен жабдықталған. Жалпы жер көлемі 37 соттық. Тау көрінісі мен керемет табиғат аясындағы түрлі жеміс ағаштарының саясындағы жаздық тапшандар, бассейн, орталыққа сән беріп тұр. Үш-төрт бие ұстап, сауып беруге арналған жер де қарастырылған. Демалушыларға атпен серуендеу де ұйымдастырылған.

    Емдік бағыттағы туризмді дамытып отырған кешен талай жанның дертіне шипа беріп, жанына тыныштық сыйлап келеді. 

image.png

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Әрі демалыс әрі терапия