Инфрақұрылым – туризмді дамытудың маңызды факторы

image.png

Қазақстан -  табиғи аумақтарының үлкендігі, флора мен фаунаның алуан түрлілігі, табиғат ескерткіштері мен ЮНЕСКО мұрасы мәртебесіне ие объектілері есебінен экологиялық туризмді дамытудың барлық алғышарттарына ие. Экономика үшін табысты саланың болашағы зор екені күмәнсіз. Ия, елімізде табиғаты көрікті мекендер көп-ақ. Алайда туристерді тарту үшін бұл жеткіліксіз. Себебі туристік аймақтар демалушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы, жайлы болуы керек. Яғни туристік нысандарға баратын жолдардың сапалы және демалыс орындары маңында коммуналдық жүйелердің тартылуы маңызды.

    Осы орайда туризмі айтарлықтай дамып келе жатқан Төлеби ауданында демалыс орнының саны ғана емес сапасы да артып келеді. Мамандардың айтуынша  тау туризмін дамыту үшін  ауданда «Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің» жобасын жүзеге асыру мақсатында инженерлік коммуникация жүйелері тартылуда.  Сондай-ақ биыл ұзындығы 36,0 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар «КХ-82 «Шымкент – Зертас – Көксәйек – Тасарық – Қасқасу» автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасын табуда.  Жыл соңына дейін аудан аумағында газ мәселесі толық шешімін табады деп жоспарлануда. Биыл Қоғалы ауылдық округіне қарасты 3 елді мекен табиғи газға қосылса, жыл соңына дейін көгілдір отын тұтынушылар қатарына Қасқасу ауылдық округі еніп,  көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделуде.  

Жалпы, аудан көлемінде 55 елді мекеннің 54-і орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылған. Биылғы жылы аудандағы бір елді мекенге ауыз суды құбырмен жеткізу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға салалық басқармаға ұсынылған. Сондай-ақ,  «Жылақ-ата» бұлағынан  Аққұм елді мекенінің жоғарғы бөлігіне су тарту бойынша «Ленгір су» мекемесімен бірлесіп, зерттеу жүргізіліпті. Қазіргі кезде сметалық құжаты әзірленуде дейді салаға жауаптылар. Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында «Көктерек» су тазалау ғимаратының құрылысына республикалық бюджеттен 563 млн теңге бөлінген. Бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. 

      Ауданға келген қонақтарға сапалы қызмет көрсетуде инфрақұрылымның маңызы зор. Сондай-ақ аудан тұрғындары  өз кәсіптерін ашып, келушілерге табиғи өнімдерін ұсынып, туристерге қызмет көрсетуде.