Диханкөл брендінің көкжиегін кеңейткен орталық

image.png                 

Жасай білгенге  туризм нағыз  табыс көзі. Әсіресе табиғаты әсем өңірлер экотуризм, этнотуризм, сондай-ақ емдік-сауықтыру туризмін дамытуға таптырмас орын. Таудың етегінде орналасқан Төлеби ауданы  экотуризм орталығына айналып келеді. Сондай-ақ мұнда сауықтыру орындары да күн санап артуда. 

Елімізде саумал терапиясын қарқынды дамытуға үлес қосып келе жатқан төлебилік кәсіпкердің тағы бірі – Нұрболат Әбилдаев.  Қоғалы ауылдық округі Диханкөл елді мекенінде жеке кәсіпкер 23 адамға арналған емдеу-сауықтыру орталығын іске қосқан. Саумалмен емделушілер еліміздің Атырау,  Ақтау,  Ақтөбе,  Қызылорда, Түркістан облыстарынан  арнайы келіп, орталықта тынығып, ем алуда. Демалушыларға емдік өнімді әзірлеу үшін 5 бие сауылады. Қымызбен емдеудің бір курсы он күнді құраса, әрбір адам күніне бір литр саумал ішуі тиіс екен. Саумал – жаңа сауылған бие сүті. Одан қымыз ашытылады. Кейде суытып, қымыздың қорына қосылған сүтін «саумал» деп те атайды. Қымыз ішіп, дертіне дауа тапқандар орталықта үш мезгіл тамақ, 4 мезгіл саумал ішіп, тынығуда. Сауықтыру орталығында 10 бөлме болса, қазіргі кезде ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 

Шымкент қаласынан 47 км қашықтықта орналасқан орталық  2021 жылы ашылған. Үш жылдан бері бұл мекен еліміздің түкпір-түкпірінен келетін демалушылардың сүйікті орнына айналған.  Бағасы да халыққа қолжетімді. 

image.png

Берекені көктен емес еткен еңбектен іздеп Диханкөл брендінің көкжиегін кеңейткен кәсіпкер Нұрболат Әбілдаев үлкен кісілердің ризашылығын алып көңілінен шығу басты мақсатымыз дейді. «Демалыс орны біріншіден таудың түбінде орналасқан ауасы таза. Ауылымыз ертеден ақ бал татитын емдік қымызымен танымал. Сол атакәсіпті жалғастыру әрі адамдардың саулығын түзеу мақсатында ашылған орталыққа келушілер жылдан жылға артып келеді. Әрбір ем алушыға сапалы қызмет ұсынуға тырысамыз. Ең бастысы денсаулықтарын түзеп, шипасы тисені болғаны. Саумал қырық түрлі ауруға ем болатын қасиетті сусын ғой. Демалушыларға саумалды жаңа сауылған яғни жылы күйінде не болмаса ашытылған қымыз күйінде де ұсынамыз. Сондай-ақ олардың көңіл-күйіне де баса назар аударамыз»,- дейді орталық басшысы. 

Сауықтыру орталығында бал татитын қымыз, тандыр нанмен бірге таза ауада сергіп бой жазып көңіл көтеруге болады.